Қырғызстандық сарапшы елдегі блогерлердің жағдайына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Қырғызстанның Салық қызметінің басшысы Алмамбет Шықмаматовтың айтуынша, елдегі блогерлер шығармашылық индустриялар паркінің резиденті атанып, арнайы немесе жалпы салық режимін таңдауға құқылы.
«Блогерлерге салық жағынан қысым көрсетпеуіміз керек деп санаймын. Олар қоғамда маңызды әлеуметтік рөл атқарады», – деді Шықмаматов.
Оның мәліметінше, парк резиденттері 15 жыл бойы сақтандыру жарналарынан босатылады. Жалпы салық режимін таңдаған жағдайда олар жалдамалы қызметкерлердің табысынан 5 пайыз мөлшерде табыс салығын төлеуге міндетті, ал резидент еместер үшін бұл көрсеткіш — 10 пайыз.
Арнайы салық режимін (бірыңғай салық негізіндегі жеңілдетілген жүйе) таңдаған блогерлер 2027 жылға дейін кірістерінің 1 пайызын, ал одан кейін 2 пайызын салық ретінде төлейді. Сонымен қатар, олар 5 пайыздық табыс салығын да төлеуге тиіс.
«Бұл — өте қолайлы жағдай. Ал салықтан толық босату дұрыс шешім емес», – деп нақтылады Шықмаматов.
Салық қызметі басшысының пікірінше, блогинг – енді ғана дамып келе жатқан қызмет саласы. Оның айтуынша, Қырғызстандағы блогинг нарығы Ресей мен Қазақстанға қарағанда әлдеқайда шағын, жергілікті блогерлердің табысы да айтарлықтай төмен.
«Көптеген блогер ақпарат таратып, ағартушылықпен айналысады. Ал қазіргі күйзеліс жағдайында ойын-сауық контенті де қоғамның психологиялық тұрақтылығы үшін маңызды рөл атқарады. Жастар блогерлердің өмірін бақылап, оларды үлгі тұтқаны дұрыс. Бұл олардың түрлі экстремистік ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алады. Сондықтан блогосфераның дамуын қос қолдап қолдаймын. Әртүрлі қызық, танымдық әрі мотивациялық контент жасайтын блогерлер көп болсын. Ал мемлекет оларға серіктес әрі қолдаушы болуы керек», – деп түйіндеді Алмамбет Шықмаматов.