Күнтізбеде көктем таяса да, Қазақстанда қыс әлі де қаһарын төгіп тұр. «Қазгидромет» 28 ақпан күні елдің бірден 11 облысында және Алматы мен Шымкент қалаларында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында ауа райы күрт нашарлап, қарлы боран соғып, көктайғақ болып, кей жерлерде қалың тұман түседі. Жел екпіні 15-25 м/с дейін жетеді.
Шығыс және орталық өңірлерде қар түнде күшейе түседі. Жетісудың таулы аймақтарында қатты қар жауып, көктайғақ пен боран жол қозғалысын қиындатады. Солтүстік-шығыс желі 15-20 м/с, таулы өңірлерде тіпті 25 м/с дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде түнгі уақытта аяз -41 градусқа дейін жетуі ықтимал. Қарағанды облысының солтүстік-шығысында ауа температурасы -35°C дейін төмендейді.
Оңтүстік өңірлер мен Алматы облысының таулы аудандарында да қар қалың түсіп, боран мен тұман, көктайғақ күтіледі.
Алматы қаласында таңертең қар жауып, көктайғақ пен тұман болады. Желдің екпіні 20 м/с жетеді. Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аңғарында қар көшкіні қаупі жоғары, сондықтан тауға шығу өте қауіпті.
Жамбыл облысында қар жауып, тұман түсіп, таулы аумақтарда боран мен көктайғақ күшейеді. Тараз қаласында көктайғақ пен тұман көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін.
Түркістан облысында жауын-шашын қарға ұласып, таулы аймақтарда көктайғақ пен боран күтіледі. Шымкент пен Түркістан қалаларында қар аралас жаңбыр, тұман түсіп, жел екпіні 20 м/с дейін жетеді.
Абай облысының солтүстік аудандарында күндіз қарлы боран болады. Аягөз ауданында жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.
Қостанай облысының оңтүстік-шығысында қарлы боран тұманға ауысса, Қызылорда облысының оңтүстігі мен батысында көктайғақ болып, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Маңғыстау облысында көктайғақ пен тұман күтілуде, шығыс бағыттағы желдің екпіні 18 м/с жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен батысында тұман салдарынан жолдың көріну қашықтығы қысқарады.
Синоптиктер таулы аймақтарда қар көшкінінің қаупі әлі де сақталатынын ескертті.
Айта кетелік, 1 наурыздан бастап ел тұрғындарын бірқатар тосын өзгеріс күтіп тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







