Олжас Бектенов әкімдер мен KEGOC-ты өткір сынға алды. Үкімет басшысы биыл жылу маусымына дайындықтағы кемшіліктерді енді кешірмейтінін қатаң ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жылыту маусымына бір айдан аз уақыт қалды. Дегенмен бірқатар өңірдегі ахуал алаңдатарлық күйде.
Премьер-министр Степногордағы жылу орталығында резервтегі қазандықтың жөндеу жұмысы аяқталмағанын, Маңғыстау облысында екі турбинаны жөндеу мерзімі негізсіз кейінге қалдырылғанын және Ақтау қаласындағы жылу желілерінің жаңғырту жұмысы баяу жүріп жатқанын сынға алды.
«Әрбір аймақта осындай мәселе кездеседі. Бұл әкімдер әлі ұйқыда жүрдің жоспарлау деңгейі төмен екенін және жергілікті жердегі бақылаудың әлсіздігін көрсетеді», – деді Бектенов Үкімет отырысында.
Ол өңірлердегі штабтардың қысқа дайындық бойынша жұмысы көңіл көншітпейтінін айтып, жергілікті әкімдік тарапынан нақты үйлестіру мен қатаң бақылау болса, көп проблеманың алдын алуға болатынын ескертті.
Үкімет басшысы биылғы мамырда KEGOC компаниясына энергетикалық жабдықтардың жөндеу жұмысын негізсіз кейінге қалдыру тәжірибесін тоқтатуды тапсырған болатын. Бірақ компания бұрынғы әдетінен жаңылмай отыр.
«KEGOC әлі күнге дейін жөндеу мерзімін негізсіз ұзартуға рұқсат беруді жалғастырып келеді. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігі мен бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Мұндай фактілер бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы тиіс», – деді премьер.
Бектенов сондай-ақ жылу маусымына дайындық паспорттарын беру жұмыстары басталғанын айтып, әкімдерге бұл процесті жеке бақылауына алуды тапсырды.
«Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қаласындағы энергонысандар ерекше бақылауда болады. Жылу маусымына дайындық паспорты болмаса, жауапты тұлғаларға қатаң жаза қолданылады», – деді ол.
Әкімдерге жыл сайын қайталанатын кемшіліктерді түзетуге соңғы мүмкіндік берілген сыңайлы.