Семей тұрғындары автосалоннан су жаңа күйінде сатып алған Jetour маркалы көліктерінің көп өтпей істен шыға бастағанын айтып, шағым түсіруде, деп хабарлайды Ertenmedia.
Олардың айтуынша, автосалон өкілдері мәселені түбегейлі шешудің орнына «сәл күтіңіз», «тез жөндейміз» деген сылтаумен уақыт созып, жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Jetour X70 моделін сатып алған семейлік тұрғындардың бірі көлігін небәрі 9 мың шақырымдай ғана жүргізген кезде ақау шыққанын жеткізді.
«Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де көлік 6 600 шақырым жүрген соң бұзылған еді. Автосалон 200 мың шақырымға дейін кепілдік бергенімен, жаңа көлік 9 100 шақырымда қайтадан істен шығып отыр. Сервистің жөндеуі де кем дегенде жарты айдан 90 күнге дейін созылады. Ал сол аралықта мен көлік үшін несиені үздіксіз төлеп отыруым керек пе? Бұл қарапайым халықты мазақ ету. Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігіне үндеу жолдаймын, тексеріс жүргізілсін. Бізге қысым жасалуда», – дейді көлік иесі.
Оның сөзінше, мұндай келеңсіздік тек Семейде емес, еліміздің өзге өңірлерінде де қайталанып жатыр.
Тағы бір тұрғын Jetour көлігін сатып алғанына бір жыл өткенде, тас жолдың үстінде келе жатып, шынжыры үзіліп, қозғалтқыштың қорғағышы істен шыққанын айтып ашынады.
«Біз көлікті қуанышпен алған едік. Бір-ақ сәтте далада қалдық. Несиені төлеуді ешкім тоқтатпайды. Автосалон көлікті жөндеп те бермейді, ақшаны да қайтармайды. Сотқа жүгінсек, істі Қостанайда қарайды екен. Бір ғана судья істі жүргізеді, сотта жеңіліп жатқан да біздер. Сонда біз не үшін жаңа көлікке сонша қаражат төледік?» – дейді ол.
Jetour X50 маркасын иеленген басқа бір жүргізуші көлігін алғанына бір ай толмай, жүріс бөлігінен бөгде дыбыстар шыға бастағанын мәлімдеді.
«Көлікті сатып алған соң мың шақырымнан кейін-ақ беймәлім дыбыстар пайда болды. Қазір жағдай мүлдем қиын», – дейді көлік иесі.
Семейлік жүргізушілер сапасыз көліктердің мәселесін шешуге асықпай отырған автосалонға ашулы. Олар тиісті органдар мәселені дереу қарастырып, халықтың заңды құқығын қорғауын талап етіп отыр.