Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы зауыттардың бірінен ұшатын көлік шыққаны туралы хбар тарауда. Бұл ақпараттан автокөлік пен авиация саласының шекарасы жойылып бара жатқанын байқадық. XPENG-тің еншілес Aridge компаниясы «Land Carrier» деп атаған көлігін сериялы өндіріске шығарса, ұшатын көлік туралы әңгіме фантастика жанрынан экономикалық жоспарлау деңгейіне өтетні сөзсіз, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қытайлық басылымдар зауыт толық қуатында жұмыс істегенде әр 30 минут сайын бір ұшатын көлікті конвейерден шығаратынын жазып жатыр. Зауыттың жылдық жобалық қуаты 10 мың дана, бастапқы кезеңде 5 мың.
eVTOL бағытындағы өзге ойыншылар әзірше прототип пен шоу-үлгі деңгейінде жүргенін білеміз. Ал Арidge компаниясы ертерек қимылдап, 7 мың адамнан алдын ала тапсырыс қабылдап қойған. Оның 600-і Таяу Шығыс нарығына тиесілі екен.
Land Carrier-дің құпиясы тек ұшып-қонуында емес, модульдік құрылымында жатыр. Машинаның екі бөлігі бар. Алты дөңгелекті негізгі платформа кәдуілгі көлік. Ал одан бөлініп шығып, ұшып-қона алатын әуе модулімен көкке көтерілуге болады.
Жер бетімен жүретін бөлігін әдімгі жүргізуші куәлігімен басқаруға болады. Оның ұзындығы 5,5 метр, ені 2 метр. Қалада жүретін пикап не үлкен кроссоверге ұқсас. Ал әуе бөлігі көміртекті талшықтан жасалған алты роторға сүйенеді, электрмен көкке тігінен көтеріледі, 270 градусқа жуық панорамалық көрініс береді.
Енді адамдар таңертең үйінен қала шетіне дейін көлікпен жетіп, кептеліске тірелген жерде модульді бөліп алып, әуе режиміне көше алады. XPENG басшылығы «жол мен аспан арасындағы көпір» деп соны меңзеп отыр.
Соңғы жылдары Қытай eVTOL технологиясын ұлттық деңгейдегі де, қалаішілік мобильділік деңгейіндегі де басым бағытқа айналдырған-ды. Шэньчжэнь, Гуанчжоу, Шанхай әкімшіліктері әуе таксиін тестілеуге жеке әуе дәліздерін бөліп жатыр.
Ендігі жерде Aridge сияқты зауыттар осы инфрақұрылымды көлікпен толтыруға кірісті. Қытай медиасы бұл зауытты «әлемдегі алғашқы он мыңдық деңгейде ұшатын модуль шығаруға дайын кәсіпорын» деп сипаттауда.
Мұндай көлікті қайда ұшырады, ірі қалалардың үстінен ұшуға рұқсатты кім береді, ауа райы, техникалық ақау, сақтандыру қалай шешіледі. Қытайдың өзінде де Aridge реттеушілермен жұмыс істеп жатқандарын айтты. 2026-2027 жылдары алғашқы жеткізілім басталғанда сол нормативтік база да параллель жүрмек.
Қазірдің өзінде Қытайдың азаматтық авиация басқармасы бірқатар eVTOL аппараттарына типтік сертификат беріп үлгерді, демек Aridge-ке де жол ашық. Батыс сарапшылары XPENG-тің дәл осы жерден ұтатынын айтуда. Себебі АҚШ пен Еуропада FAA, EASA секілді құрылымдардан толық рұқсат алу ұзаққа созылады, ал Қытайда қалаішілік әуе дәлізін алдымен ашып, содан кейін кеңейтуге болады. Сондықтан да қытайлық компаниялар ұшатын көлік жарысында прототиппен емес, дайын зауытымен келді.

