Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық ғалымдар жарқанаттардан (HKU5) жаңа коронавирус тапқаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
ЖРВИ бойынша жағдай
Эпидемиологиялық маусымның басынан бастап республикада ЖРВИ-дің 3,1 млн. жағдайы тіркелген, бұл өткен маусымға қарағанда 20%-ға аз. Осы эпидемиологиялық маусымда зертханалық расталған тұмаудың 2370 жағдайы тіркелген, бұл өткен эпидемиологиялық маусымның деңгейіне сәйкес келеді.
Аурудың алдын алу үшін мынадай профилактика шараларын сақтау ұсынылады: адам көп жиналатын орындарға, әсіресе, жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды үнемі желдету; қолды тазалау үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану; науқас адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету.
Коронавирус туралы
Коронавирус инфекциясы бойынша елдегі жағдай да тұрақты болып қала береді. Жыл басынан бері елде КВИ-дің 116 жағдайы тіркелген, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылық 8 есеге төмендеген.. Өлім жағдайлары жоқ. Соңғы мониторинг деректері бойынша омикрон кіші нұсқасының айналымы анықталған.
«Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында қытайлық ғалымдар жарқанаттардан (HKU5) жаңа коронавирус тапқаны туралы ақпарат пайда болды, бұл жануардан адамға жұғу қаупін тудырады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының және Қытайдың ауруларды бақылау және профилактика орталығының ресми сайттарында бұл вирус туралы ресми ақпарат жоқ», — деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та қытайлық вирусологтар жарқанаттардан адамға COVID-19 сияқты жұғатын жаңа коронавирусты анықтағаны туралы ақпарат тарады.
Зерттеушілердің пікірінше, вирус коронавирустың жаңа желісіне жатады және HKU5-CoV-2 деген атау алған. Ол Гонконгта жапон жарғанатынан табылған.
Зерттеу Гуанчжоу зертханасында Қытай Ғылым академиясының, Ухань университетінің және Ухань вирусология институтының ғалымдарымен бірге жүргізілген. Дегенмен ғалымдар байбалам салуға себеп жоқ екенін айтты, вирустың адамдарға тарау қаупі әзірге төмен деп бағаланып отыр.