2025 жылғы ТОП-500 «единорогтар» тізіміне Қытайдан 150 компания кіргені хабарланды. «Единорог» деп әдетте нарықтық бағасы 1 млрд АҚШ долларынан асқан, әлі биржаға шықпаған жеке стартаптарды атайды. Мұндай компаниялар көбіне жаңа технологияға, цифрлық сервистерге, онлайн платформаларға сүйенеді. Бұдан Қытайдағы жеке бизнестің, әсіресе технологиялық сектордың қаншалықты қарқын алып жатқанын көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Статистикаға қарағанда, бір жылдың ішінде жасанды интеллект саласындағы «единорогтар» саны 20-дан 36-ға дейін өскен. Соның ішінде қытайлық AI-стартаптардың өзі 2-ден 9-ға көбейгені айтылды.
Бұдан жаһандық технологиялық бәсекенің бағытын аңғаруға болады. Жасанды интеллект қазір өнеркәсіптен бастап, қаржы, логистика, денсаулық сақтау сияқты барлық салаға еніп жатыр. Қай ел осы бағытта көбірек капитал тартып, көбірек стартап өсірсе, ертең сол елдің технологиялық ықпалы да арта түседі.
Қытай компаниялары ұзақ жылдар бойы өндіріс пен экспортқа сүйеніп келді. Енді стартаптар арқылы жоғары қосылған құн беретін цифрлық өнімге көшуге тырысып отырғаны байқалады.
1 млрд доллардан жоғары бағаланған 150 компанияның болуы инвесторлардың қытайлық технологияға әлі де сенім артып отырғанын көрсетеді. Әсіресе жасанды интеллект бағытындағы «единорогтар» санының артуы Қытайдың тек дайын технологияны импорттайтын елден шығып, өз алгоритмі мен платформасын ұсынатын ойыншыға айналғанын айқындайды.
Мұндай деректер Қазақстан үшін де маңызды. Себебі әлемдік нарықта бәсеке күшейген сайын, біз қай елмен қандай технологиялық әріптестік құратынымызды, қай бағытта кадр дайындап, қандай нарыққа шыға алатынымызды ойланып шешуге тура келеді.
Қытайдағы AI-стартаптардың өсуі Орталық Азияға да жанама әсер етеді, өйткені болашақта бұл компаниялар аймақ елдеріне де цифрлық өнім, бұлтты сервис, смарт-инфрақұрылым ұсына бастайды. Сондықтан мұндай статистика тек бір елдің жетістігі ғана емес, өңірлік технологиялық картада болатын өзгерістердің алдын ала белгісі ретінде де қарастырылғаны дұрыс.

