Қазақстанда некеге мәжбүрлегендер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жария етті деп жазады Ertenmedia.kz
Оның айтуынша, елде некеге мәжбүрлеу деректері жиі кездескенімен, полицияның әрекетсіздігі салдарынан көптеген жәбірленушілер заңмен қорғалмай отыр.
Жаңа заң жобасына сәйкес, некеге мәжбүрлеген азаматтарға қатаң жаза тағайындалып, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Жазаның ең жоғарғы мөлшері – 7 жылға бас бостандығынан айыру.
Әбенов бұл мәселенің елімізде қаншалықты өзекті екенін көрсететін статистика келтірді. Соңғы үш жылда полицияға некеге мәжбүрлеу бойынша 214 шағым түссе, оның тек 10-ы ғана сотқа дейін жеткен.
«Бұл полиция мен құқық қорғау органдарының жағдайға немқұрайлы қарағанын айқын дәлелдейді. Жәбірленушілер қорғаусыз қалып, көп жағдайда қылмыс жасағандар жазадан жалтарып кетіп жатыр», – деді депутат.
Әбеновтің сөзінше, жаңа заң жобасы осы жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін. Ол бұл заң жәбірленушілердің құқықтарын қорғап, қоғамда осындай жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді деп сенеді.