Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тәртіптік шараларды қолдану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңартылған ережелердің толық мәтіні нормативтік-құқықтық актілердің ресми сайтында жарияланды. Енді мемлекеттік қызметкерлер бұрынғы жұмыс орнында жасаған заң бұзушылықтары үшін жаңа қызметке ауысса да жауапкершілікке тартылады. Бұл өзгерістер саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің бәріне бірдей қатысты.
Жаңа тәртіп бойынша, егер мемлекеттік қызметкер заң бұзушылықты саяси қызмет атқарып жүрген кезінде жасаған болса, оның ісін бұрын өзі қызмет атқарған орган қарайды және шешім қабылдайды.
Дәл осы ереже әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге де қатысты: яғни, қызметкердің қазіргі жұмыс орнына қарамастан, заң бұзушылық қай жерде жасалса, тергеу сол жерде жүргізіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, қызметкер бұрын еңбек еткен мемлекеттік орган оның заң бұзушылыққа жол бергенін анықтаған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде қазіргі қызмет ететін мемлекеттік органына ресми түрде хабарлауға міндетті. Қызметтік тексеру материалдарын бұрынғы жұмыс орнындағы арнайы комиссия қарастырады. Тексерудің нәтижесі бойынша қабылданған шешім бес жұмыс күні ішінде қазіргі жұмыс орнына жіберіледі.
Тағы бір маңызды толықтыру – мемлекеттік қызметкер саяси немесе әкімшілік қызметтен кеткен жағдайда, егер тәртіптік жаза оның жұмыстан кету сәтіне дейін алынбаса, ол жазаның күші автоматты түрде тоқтатылады.
Бұл ережелер мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтіп, олардың кез келген заң бұзушылығы қызмет ауыстырғанымен де назардан тыс қалмайтынын анық көрсетеді. Президент қол қойған бұл құжат мемлекеттік аппараттағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.