Украина президенті Владимир Зеленский баспасөз конференциясын өткізді. Ол соғысты тоқтату мен бейбітшілік орнату мүмкіндіктері, АҚШ-пен арадағы келіссөздер, Дональд Трамппен қарым-қатынасы және Украинадағы сайлау мәселелері жөнінде пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Президенттік өкілеттіктен бас тартуға дайынмын»
Зеленский бейбітшілік орнату үшін өз лауазымынан кетуге дайын екенін мәлімдеді.
“Егер бұл әрекетім расымен Украинаға бейбітшілік әкелетін болса, қызметімнен кетуге дайынмын”, – деді ол.
АҚШ-пен арадағы келіссөздер
Зеленский АҚШ-тың Украинадағы минералды ресурстарға қол жеткізу туралы келісімі әлі талқылау кезеңінде тұрғанын мәлімдеді. Бұған дейін бірнеше ұсыныс болғанымен, Киев оларды қабылдамаған.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамптың “Украинаның 500 миллиард доллар қарызы бар” деген мәлімдемесімен келіспейтінін жеткізді.
“Украина соғысқа 120 миллиард доллар жұмсады. АҚШ 100 миллиард бөлді, ал Еуропа мен басқа серіктестер тағы 100 миллиард қаржылай көмек көрсетті. Біз АҚШ-тың көмегін қарыз ретінде қабылдамаймыз, себебі бұл қаражат бізге грант түрінде берілді”, – деді Зеленский.
Оның айтуынша, Украина болашақ ұрпақтың мойнына ауыр қарыз жүктейтін келісімге қол қоймайды. Бірақ егер АҚШ жаңа талаптар қойса, оларды талқылауға дайын екенін білдірді.
“Егер АҚШ бізге көмек беріп, оның қайтарымын күтсе, онда бұл грант емес, қарыз болып саналады. Бірақ мен осындай ашық келіссөздерге дайынмын, өйткені бізге АҚШ-тың көмегі қажет”, – деді ол.
Соғысты осы аптада тоқтату мүмкін емес
Зеленский АҚШ-тың “соғысты осы аптада тоқтатуға болады” деген мәлімдемесіне қатысты да пікір білдірді.
“Бұл аптада соғысты тоқтату мүмкін емес, себебі бізге нақты қауіпсіздік кепілдіктері қажет. АҚШ үшін атысты тоқтат соғысты аяқтау дегенді білдіруі мүмкін, бірақ Украина үшін бұл жеткіліксіз”, – деп түсіндірді ол.
Оның пікірінше, Ресеймен келіссөздер жүргізу барысында нақты қауіпсіздік кепілдіктері болуы керек.
“Бізге Ресейдің кепілдіктері қажет емес, біз оларға сенбейміз. Егер серіктестер сенсе, бұл – олардың таңдауы. Бірақ біз қауіпсіздік кепілдіктері туралы шешім қабылданғанда, Ресейдің сөзіне сенім арта алмаймыз. Барлығы соғысты тоқтатқысы келеді. Біз де соғыс аяқталғанын қалаймыз. Бірақ біз үшін ең бастысы – украиналықтардың қауіпсіздігіне нақты кепілдіктер алу”, – деп түйіндеді Зеленский.