Қызылордадағы «Өнер орталығында» Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім саласындағы маңызды мәселелерді талқылаған кеңейтілген мәжіліс өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев қатысты. Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен аумақтық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар комитеті, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі мамандар бас қосты.
Тәрбие мен тәртіп талабы
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиынды аша отырып, жас ұрпаққа берілетін тәрбиенің салмағы артқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа айналуы тиіс» деген қағиданы алға тартып отыр. Әсіресе, балалардың бойына тәртіптілік пен жасампаздықты қатар сіңіру маңызды екені айтылды.
Қазір қоғамда заң мен тәртіпті сақтап, балалардың құқығы мен мүддесін қорғау ортақ жауапкершілікке айналды. Жылдам өзгеріп жатқан әлемде ұлттық және рухани құндылықтарымыздан ажырамау қажет. Өңір басшысының пікірінше, балалардың сапалы білім алуы мен саналы тәрбие көруі үшін жайлы орта қалыптастыру басты міндет.

Жиында айтылған дерекке сай, 2022-2025 жылдар аралығында аймақтың білім беру саласына 1 трлн 159 млрд теңге бөлінген. Өткен екі жылдың ішінде заманауи үлгіде 42 білім беру нысаны салынып, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп іске қосылды. Нәтижесінде үш ауысыммен оқыту мәселесі біржолата шешілді. Бұған қоса, тоғыз мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынған.
Мәжілісте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, депутаттар Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, облыс прокуроры Ризабек Нәсіпбеков, әкім орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев және ата-аналар комитетінің мүшесі, айтыскер Мұхтар Ниязов пікір білдірді.
Көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, мектеп пен полиция есебінде тұрған оқушыларды үйірмелерге тарту, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Түрлі әлеуметтік топтан шыққан балалардың шығармашылық пен спортқа қатысуын бақылауға алу тапсырылды.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кибербуллинг және заңсыз ойындарға қарсы шараларды күшейту міндеті қойылды. Осы мақсатта учаскелік инспекторларға ерекше бақылаудағы жасөспірімдермен жұмысты қатаңдату тапсырылды.
Жиында вейп өнімдерін сатуға және пайдалануға толық тыйым салудың маңыздылығы ерекше атап көрсетілді. Сондай-ақ мектептерде келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін барлық жауапты тұлғалардан тәртіп бұзушылықтың бастапқы белгілеріне уақтылы мән беріп, қажетті шараларды қолға алу талап етілді.
Қызылорда қаласында Ассамблеясының 30 жылдығы аясында салынған жаңа «Достық үйі» ғимараты ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

