Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы экономиканың тірек саласына айналып келеді. Биыл агроөнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 234 млрд 800 млн теңгеге жетіп, өңір үшін маңызды межеден асты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл бір жылдың ішіндегі кездейсоқ өсім емес, соңғы жылдары қабылданған жүйелі шешімдердің нәтижесі. Аймақта жалпы құны 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылып, өндіріс пен инфрақұрылым қатар қозғалды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада өткен брифингте нақты цифрлармен баяндады.
Саладағы басты өзгерістердің бірі – техника жаңартуы. 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Биыл бұл жұмыс жалғасып, тағы 4 млрд 700 млн теңгеге 139 жаңа техника егіс алқаптарына шықты. Техника бар жерде уақыт үнемделеді, ал уақыт – өнімнің тағдырын шешетін фактор.

Су тапшылығы қаупі күшейген кезеңде дер кезінде қабылданған шешімдер егістікті толық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Президент тапсырмасымен Премьер-Министр бастаған Үкімет делегациясы өңірге келіп, шаруалардың жағдайымен тікелей танысты.
Төтенше жағдайлар министрлігі елдің әр өңірінен 139 маманды жұмылдырып, екі ай бойы шаруалармен бірге жұмыс істеді. Үкімет резервінен 53 насос қондырғысына қаржы бөлініп, соның арқасында егін шығынсыз жиналды.
Биыл облыста 189 600 гектарға егін егілді. Соның ішінде 80 900 гектар күріш алқабынан әр гектарына шаққанда 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды.
Бұл – суы тапшы өңір үшін елеулі көрсеткіш. Су ресурсын тиімді пайдалану мәселесі енді сөз емес, нақты технологияға көшті. Күріш алқаптарының 60 мың гектары лазермен тегістеліп, суды үнемдеу мен өнімді арттыруға жол ашылды.

Су үнемдеу технологиялары 8 100 гектарға енгізіліп, бір жылда екі есеге ұлғайды. Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында шетелдік компаниялармен бірлесіп, жүгері мен жоңышқа өсіруге бағытталған ірі жобалар басталды.
Алдағы үш жылда егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылықтарды қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Мемлекет басшысы суды көп қажет ететін дақылдарды қысқартып, жүгері мен майлы дақылдарға басымдық беруді тапсырды. Осы бағытта Қызылордада крахмал-сірне зауыты жобасы іске асырылмақ. 2025-2029 жылдары екі кезеңмен жүзеге асатын жобаға 35 гектар жер бөлініп, 10 мың гектарға жүгері егу жөнінде келісім жасалды.
Сонымен қатар швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен бірге 21 мың гектарға техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріліп, агроиндустриялық кластер құру көзделіп отыр. Қызылорданың агросаласы осылайша бір дақылға тәуелділіктен шығып, жаңа экономикалық деңгейге қадам басып келеді.

