Қызылорда облысында ДДҰ-ның Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік кеңсесі ашылады. Мұндай шешім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан басшыларының қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды.
Қатысушылар экологиялық өзгерістердің ауқымын және олардың адам денсаулығына, климатқа және биоәртүрлілікке әсерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша мынадай бірқатар маңызды шешімдер қабылданды:
-Қызылордада ДДҰ-ның Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік офисін ашу;
-мемлекетаралық деңгейдегі іс-қимылдардың жол картасын дайындау және бекіту;
-2026 жылы ДДҰ сәуір саммитіне Арал бойынша Қарар шығару.
Арал теңізі проблемасы ХХ ғасырдағы ең ірі экологиялық дағдарыстардың бірі ретінде танылды, оның салдарын Арал маңындағы тұрғындар сезінуде. Ондаған жылдар бойы өңір шөлейттенуге, топырақтың деградациясына, улы шаңның таралуына және халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін басқа да қиындықтарға тап болды.
Сонымен қатар, соңғы жылдары жағдайды тұрақтандыру бойынша маңызды қадамдар жасалды. Бірлескен күш-жігердің арқасында теңіздің солтүстік бөлігінің кебуін тоқтатуға мүмкіндік туды, кеуіп қалған аумақтарды ауқымды көгалдандыру жүргізілуде, сондай-ақ апаттың теріс әсерін азайту жөніндегі жобалар іске асырылуда.
Мемлекеттік органдар мен халықаралық әріптестердің үйлесімді жұмысының арқасында бүгінде оң динамика байқалады. Мемлекет басшысының қолдауы және өңір әкімінің жеке қатысуы ондаған жылдар бойы жинақталған проблемалардың шешімін табатынына сенімділікті нығайтады