Қазақстан экономикасы 2026 жылдан бастап іргелі өзгерістерді бастан өткермек. Елдегі бюджет саясаты қайта қаралып, Ұлттық қордан жұмсалатын қаражат көлемі біршама азаяды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Bank of America (BofA) сарапшыларының талдауынша, алдағы жылдың басынан күшіне енетін жаңа Салық кодексі макроэкономикалық тұрақтылыққа жетудің негізгі тетігі.
Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін қосымша құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін өсуі және өзге де салықтық шаралар бюджеттің кірісін көбейтіп, Ұлттық қор шығынын едәуір қысқартуға жол ашады.
Қазір Ұлттық қордан жұмсалып отырған қаражат көлемі өте жоғары 2025 жылы ол 5,2 трлн теңгеге жеткен (жалпы ішкі өнімнің 3,2%-ы). Ал жаңа салықтық реформаның арқасында бұл шығын 2026 жылы шамамен 2,8 трлн теңгеге дейін төмендеп, ЖІӨ-нің 1,5%-ын құрамақ. Бюджет тапшылығы да қалыпты, басқаруға ыңғайлы деңгейде шамамен ЖІӨ-нің 2,5%-ы шамасында тұрақтайды.
BofA сарапшыларының айтуынша, соңғы бірнеше жылда экономиканың «қызып кетуіне», инфляцияның өршуіне және теңге бағамының әлсіреуіне дәл осы Ұлттық қор шығындарының артуы себеп болған.
Жаңа реформаның арқасында макроэкономикадағы жағдай түбірімен түзеліп, 2026 жылдан бастап елдегі өсім 3,5–4% деңгейінде тұрақталады. Ұлттық қор шығыны қысқарғандықтан, экономикадағы артық ақша айналымы азайып, инфляциялық қысым төмендейді.
Нәтижесінде инфляция деңгейі 2027 жылы Ұлттық банк белгілеген мақсатты көрсеткіш 5%-ға дейін түседі деп болжанған.
Рас, алдағы қаңтарда салықтың өсуіне байланысты инфляцияның шарықтау шегі (15%-ға дейін) болуы мүмкін. Дегенмен ақпан-наурыз айларынан бастап ол қайтадан төмендеп, 2026 жылдың соңғы тоқсанында бір мәнді көрсеткішке оралады деп күтілуде.
Осы жағдайларға байланысты Ұлттық банк келесі жылы базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетудің ұзақ циклін бастайды. Биылғы жылы мөлшерлемені өсірудің енді қажеттілігі шамалы.
2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап базалық ставка шамамен 4 пайыздық тармаққа төмендетіліп, 2027 жылы бұл үрдіс одан әрі жалғасуы мүмкін.
BofA сарапшыларының болжамынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында теңге бағамы долларға шаққанда 500-ге дейін нығаяды. Бірақ жыл соңына қарай қайта әлсіреп, 520-ға оралуы мүмкін.
«Әрине, болжамның бәрі орындала бермейді. Дегенмен сарапшылар айтқан оң өзгерістердің орындалуына үміт басым. Тек салықтық реформаның тиімділігі жоғалмай, тұтынушылық несие нарығының қызып кетуіне жол берілмесе болғаны», — дейді осы орайда Ertenmedia-ға пікір білдірген қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

