Алматы облысына қарасты Райымбек ауданында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Сабан Fest 2025» атты еңбек мерекесі өтті. Ауданның аулы мен қышлағынан жиналған шаруалар, жастар, қарапайым тұрғындар бір жерде бас қосты. Ұйымдастырушылар бұл шараны ауылда маңдай терімен күн көріп жүрген еңбек адамына алғыс айту мағсатында әдейі өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мереке барысында көрме ұйымдастырылып, асылтұқымды қой, сиыр, жылқы мен ауыл шаруашылығы өнімдері қатар қойылып, аудан шаруаларының еңбегінің нәтижесі көпшілікке көрсетілді.
Әр шаруашылық өз жетістігін сандармен емес, іс жүзінде көрсеткісі келгені көрінді. Жақсы күтілген малдың түр-сымбаты, дұрыс суарылған жерден шыққан өнімнің сапасын көпшілік өз көзімен көрді. Ауылдағы адам үшін ең үлкен мақтаныш қорасындағы малы мен қырманындағы өнімі.
Фестиваль аясында түрлі номинациялар бойынша озаттар анықталды. «Үздік механизатор», «Үздік малшы», «Егін және мал шаруашылығының үздігі» аталымдары жеке-жеке жарияланып, сахнаға шыққан еңбеккерлерге құрмет көрсетілді.
Бұл жерде атақтан бұрын, көпшілік алдында айтылған «еңбегін бағалаудың» салмағы бөлек болғанын байқадық. Себебі, анда-санда бір өтетін мұндай шарада ауыл адамдары өзін ұмыт қалмағанын сезінеді. Күнде таңертең тракторын оталдырып, қорасын айналып жүретін адам үшін де жылы сөз керек екені анық.
Райымбек ауданы мал және егін шаруашылығын қатар дамыған аграрлы аймақтың бірі. Биыл аудан шаруалары 2300 гектар алқапқа картоп еккен. Әр гектардан орта есеппен 250-300 центнерден өнім алғаны айтылады. Мұндай көрсеткіш шаруалардың жерді тиімді пайдаланудың нақты көрінісі десек болады. Картоптан бөлек, ауданның табиғи жайылымдарында мал саны да артып келеді.
Қазір Райымбек ауданында 270 мыңға жуық ұсақ мал, 70 мың ірі қара және 40 мың жылқы бар. Соның ішінде 23 пайызы асылтұқымды деп көрсетілген. Бұл сан ауыл шаруашылығының сапаға бет бұрғанын аңғартады. Асылтұқымды мал көбейген сайын өнім де, табыс та өсетіні белгілі. Фестиваль алаңында тұрған шаруалар осының бәрін жақсы түсінеді. Олар үшін асылтұқымды төл ертеңгі табыстың, балаларының нәпақасының кепілі.
Аудан әкімі Дастан Құдабаев сахнаға шығып, шараның мәнін қысқа әрі нақты жеткізді.
– Бұл шара жыл бойы атқарылған еңбектің қорытындысы. Біз ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдап, марапаттап, олардың еңбегін бағалау арқылы келешекке жаңа серпін беруді мақсат еттік, – деп сөйлегені айтылды. Әкімнің сөзінен қағаз үшін жиналмаған, шаруаларға ренжітпей, нақты қолдау көрсету ниеті сезілді. Ауыл адамы үшін ең бастысы уәдеден гөрі істің көрінуі.
Фестивальде марапат алғандардың бірі шаруашылық басшысы Олжас Қанапияев. Ол сахнаға шыққанда эмоциясын жасырған жоқ.
– Бүгін чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, ұжымымның еңбегі. Он шақты адамнан тұратын коллективіме үлкен алғыс айтамын. Мұндай шаралар бізге үлкен мотивация береді, – деді ол. Шаруа басшысының ауызынан шыққан осы қарапайым сөздердің өзінен ұжымдық жұмыстың, сенімнің, ортақ жауапкершіліктің иісі сезіледі.
Мереке соңында сахнаға жергілікті өнерпаздар шығып, концерт қойды. Ауылдың жас әншілері, домбырашы, би ансамбльдері алаңда жүрген жұрттың көңілін көтерді. Спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Балуандар белдесті, жастар арасында қошқар көтеру, арқан тарту жарыстары ұйымдастырылды. Осындай ойындар жасөспірімдерге күш пен төзімділікті ғана емес, командалық рухты, бірлік деген ұғымды да сезіндіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сабан Fest» алдағы жылдары дәстүрлі түрде өтетін мерекеге айналмақ. Еңбек адамын насихаттау, ауыл шаруашылығы саласына деген құрметті арттыру, жастарды еңбекке баулу – осы бастаманың негізгі бағыты.
Райымбек ауданында өткен фестиваль ауылдың күні өткен жоқ екенін, жерден несібе теріп жүрген адамдарға қоғамның айтар алғысы бар екенін көрсетті. Осындай қарапайым, бірақ мазмұнды шаралар көбейген сайын, ауылдың да, еңбектің де беделі арта түседі.

