Алматыда тағы бір көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты дау шықты.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв RAMS компаниясының Сейфуллин мен Тимирязев көшелерінің қиылысында тұрғызғалы жатқан 40 қабатты кешенін «қаланың тынысын тарылтатын жоба» деп атады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, жобада бір ғана 40 қабатты зәулім мұнара емес, онымен бірге тағы бес 10 қабатты ғимарат салу жоспарланған. Оның пікірінше, дәл осы ауданда бұдан бұрын да көлік кептелісі, әлеуметтік инфрақұрылым тапшылығы сынды өткір мәселелер шешілмеген күйі қалып отыр.
«Иә, тұрғын үй бұл салық, шаршы метрлер мен жұмыс орындары. Бірақ осының бәрі дәл осы ауданда керек пе? Бұл жер онсыз да инфрақұрылымдық коллапстың алдында тұр. Мұнда мектеп, аурухана, саябақ секілді әлеуметтік нысандар жетіспейді. Ал жаңа кешен тек жол, кәріз жүйесі және энергия желілеріне түсетін жүктемені арттырады», – дейді депутат.
Пономарёвтың пікірінше, мұндай тығыз құрылыстың пайдасын қарапайым халық емес, тек шағын ғана ауқатты топ көреді.
«Мұның пайдасын шектеулі топ ғана сезінеді, ал алматылықтардың басым бөлігі үшін бұл тағы бір үлкен проблемаға айналады», – дейді ол.
Сондай-ақ депутат RAMS компаниясының бұған дейін де басқа жобаларда мектеп пен аурухана салуға уәде беріп, бірақ іс жүзінде тек тұрғын үйлермен шектелгенін еске салды.
Қазір RAMS компаниясының жобасы мем.сараптамадан өтіп жатыр. Дегенмен депутат Алматы әкімдігіне жобаға қатысты нақты сұрақтар қойып, қайта қаралуын талап ететінін жеткізді.