Қазақстанда биыл астық рекордтық деңгейде жиналғанымен, былтырғы жағдай қайталанып, қамбада орын тапшы болмай ма деген қауіп бар, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, элеваторларға осы маусымда 7,7 млн тонна астық түскен. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі еседен артық (былтыр 3,4 млн тонна).
Қазір элеваторларға жеткізілген жұмсақ бидайдың жартысынан астамы жоғары сапалы, 35%-ы төртінші класс, қалған 12%-ы бесінші класс және классификацияға жатпайтын өнімдер.
«Биылғы маусым тек астықпен емес, бұршақ және майлы дақылдардың да рекордтық өнімімен ерекшеленді. Біз осы дақылдарға басымдық беріп отырмыз. Өйткені бұршақ тұқымдастар топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың түсімін жақсартады», – деді Сапаров.
Министрліктің есебінше, ел бойынша 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер өнім алынып, жалпы 27,1 млн тонна астық бастырылған. Оның ішінде бидай 20,3 млн тонна, арпа 4 млн тоннаға жуық.
Премьер Бектенов өз кезегінде Азық-түлік корпорациясына астықты уақытылы жеткізуді ұйымдастыруды тапсырды. Ол биылғы жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, экспортқа да шығарылатынын атап өтті.
«Халқымызда «нан астың атасы, ынтымақ көптің батасы» деген жақсы сөз бар. Осы мол өнімнің арқасында тек өзімізді емес, шетелдегі серіктестерімізді де қамтамасыз етеміз», – деді Бектенов.
Үкімет басшысы келесі жылдың егіс маусымына дайындықты бүгіннен бастауды тапсырды. Қазірдің өзінде министрлік пен «Бәйтерек» холдингі 2026 жылдың егіс жұмысына ерте қаржыландыруды қолға алған.
Дегенмен, мол астықтың фермерлер үшін теріс әсері де болуы мүмкін. Былтыр жиналған өнім нарықтағы ұсынысты арттырып, баға түсіп, экспортқа шектеу қойылғандықтан, шаруалар өнімін сата алмай, шығынға батқан еді.
Биыл да дәл сондай сценарий қайталанбас үшін билік астықты экспортқа шығарудың тиімді жолдарын іздеуге кірісіп кетіпті.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

		