Ресейдің Қазақстанға салған инвестициясы күрт азайды. Былтыр тоғыз айда көршіден келген қаржы көлемі небәрі 180 миллион долларды құраған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,2 миллиард доллар болған еді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Frank Media-ның дерегінше Ресей капиталының Қазақстанға бағытталған толқыны бәсеңдеу үстінде. Соңғы екі жылда (2023-2024) Мәскеуден құйылған инвестиция рекордтық деңгейге жеткен. 2023 жылы алғаш рет 1 миллиард доллардан асса, 2024 жылы 1,7 миллиард долларға дейін көтерілді. Бірақ былтыр осы көрсеткіш кәдімгідей төмендеп кеткен.
Ресейлік бизнестің Қазақстанға бұрынғыдай қаржы құймауының басты себебі параллель импорт пен логистиканы жаңадан құру қажеттілігі қалмағандығында. Экономист Кирилл Лысенко «2022 жылы басталған санкцияға кәсіпкерлер ендігі бейімделіп үлгерген, ал параллель импорт үшін қазір басқа елдер анағұрлым тиімді», – деп отыр.
Бұдан бөлек…
Ресей инвестициясының азаюына мұнай бағасының төмендеуі де әсер еткен. Қазақстандағы мұнай кеніштеріне қатысы бар ресейлік компаниялар пайдадан қағылған. Оған қоса, Ресей Орталық банкінің жоғары мөлшерлемесі де инвесторларға шектеу болған: жоғары пайызбен несие алған компаниялардың шетелге қаржы салуға мүмкіндігі азайған.
Осылайша, екі жыл бұрын ресейлік бизнестің Қазақстанға ағылған ағыны бәсеңсіп, олардың саны да айтарлықтай кеміген.
Былтырғы жарты жылда Ресейден келген 300-ге жуық компания Қазақстан нарығынан кеткен. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған ресейлік компания саны 17,3 мыңға дейін қысқарды.
Орыстар Қазақстан нарығынан шегініп жатқанда…
Елімізге Қытай мен Қатардың капиталы қарқынды құйылуда. Былтыр тоғыз айда қос елден де шамамен 1,19 миллиард доллардан инвестиция түскен. Бұл Қытай үшін үш есеге, Катар үшін тіпті сегіз есеге артқан көрсеткіш.
Әсіресе Қатар Қазақстанға ірі жобалар арқылы кіруде. Мәселен, былтыр Tele2 операторының Қазақстандағы активін «Қазақтелекомнан» 1,1 миллиард долларға сатып алған осы катарлық компания. Бірінші транш 700 миллион доллар былтыр қаңтарда аударылды.
Бектенов үкіметі Қатармен ұзақмерзімді әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды 17,6 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Мұның бәрі еліміздің инвест бағыты солтүстіктен оңтүстікке қарай ойысып жатқанын аңғартады.
Инвестиция демекші, күні кеше ғана «Kazakh Invest» басшылығы Бектеновтен оңбай сөз естіген. инвесторлардың тағдырымен ойнауды доғаруды талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

