Қазақстанда Ресей әскери-тарихи музейінің филиалының ашылуы қоғамда үлкен дау тудыруда. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл шешімді сынға алып, ел үкіметіне өзіміздің Ұлттық қару-жарақ музейін ашу туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Ел тәуелсіздігінің ресми белгілері – әнұран, елтаңба, тудан бөлек, ұлттың рухын, тарихын көрсететін музейлер мен мәдени орталықтардың орны ерекше. Сондықтан бізге ұлттық қару-жарақ музейін ашу қажет. Бұл орталық жас буынды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, бабаларымыздың ерлігін насихаттауға, елдің тарихи ерекшелігін танытуға қызмет етеді», – деді депутат.
Ол әлемдегі бірнеше мысалды алға тартты. Париждегі Әскери музей, Лондондағы Корольдік қару-жарақ палатасы, Ресейдегі Кремльдің қару-жарақ палатасы және көршілес Өзбекстандағы Әмір Темір музейінің бір бөлімі осы бағытқа арналған.
«Көшпелі өмір салты мен жауынгерлік дәстүрді сақтаған қазақ халқында неге қару-жарақ музейі жоқ? Біз сақтар мен ғұндардан бері жалғасқан тарихи мұраны иеленген ұлт емеспіз бе? Ағаш доңғалақ, ер-тоқым, үзеңгі секілді бұйымдар – жауынгерлік мәдениеттің бір бөлшегі», – деп атап өтті депутат.
Бапидің айтуынша, қазақ даласында садақтың «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қандауыр садақ», «сарыжа» деген түрлері, қару-жарақтың «сақ етер», «сілбі» сынды атаулары болған.
«Бұл қару-жарақтың кей түрлерін кузнец Күлментегі ағайындылар зерттеп, жинақтаған. Олар Қазан, Мәскеу, Петербор музейлері мен архивтерін ақтарып, қарудың қазақы үлгілерін қайта жаңғыртқан», – дейді депутат.
Сондай-ақ, ол музейге кейінгі замандағы техникаларды да қою керектігін айтты.
«Екінші дүниежүзілік соғыста Қажымұқан атамыздың өз ақшасына жасатып, майданға сыйлаған Т-34 танкі, Қарағандылық қыздар тізгіндеген КВ танкі, ауған соғысындағы аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Керімбаевтың зениттік пулеметі мен Кеңес Одағының батыры Николай Кремеништің автоматы – бәрі музейге қойылуға лайық жәдігерлер», – деп қосты ол.
Бапи Қазақстанда ресейлік әскери музей филиалының ашылуына түсінбеушілік білдірді.
«Қазақ «өзгенің қаңсығын таңсық көрме» дейді. Ресей әскери музейінің филиалын ашуға қандай қажеттілік туды? Бұл шешім қоғамда президент Тоқаев пен депутаттардың атына сын тудырды. Бізге осындай шиеленіс қажет пе? Геосаяси жағдайдың тұрақсыздығын ескерсек, Қазақстанда шетелдік әскери музей емес, өзіміздің Ұлттық қару-жарақ музейі ашылуы керек», – деп түйіндеді депутат.
Депутат осы мәселеге қатысты Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан ресми әрі дәлелді жауап күтетінін жеткізді.