Украинаға басып кіргелі бері Ресей армиясынан кемінде 49 мың сарбаз қашып кеткен, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мұндай деректі «Важные истории» басылымы жариялады.
Ақпарат көзі ретінде екі бірдей деректер базасы алынған: 2022–2024 жылдар аралығында Ресейдің Оңтүстік әскери округінде қызмет орнын тастап кеткен әскерилердің ашық жарияланған тізімі, сондай-ақ 2025 жылдың наурызында Украина қорғаныс министрлігіне қарасты «Хочу жить» жобасы таратқан, Ресейде әскери қылмыстық іс қозғалған сарбаздардың деректері қолданылған.
Бұдан бөлек, «Важные истории» редакциясы Ресей армиясындағы 20-мотоатқыштар дивизиясының қашқындары туралы жеке тізімге де қол жеткізген. Ондағы көрсетілген есімдердің 65 пайызы Оңтүстік әскери округінің деректерімен сәйкес шыққан.
Сондай-ақ, тізімдегі көптеген әскеридің аты-жөні Ресейдің әскери гарнизондық соттарындағы құжаттарда да кездескен.
Құжаттан белгілі болғандай, іздеу жарияланған ресейлік әскерилердің дені ұрыс алаңындағы позицияларын рұқсатсыз тастап кету, әскери бөлімнен қашу және емделгеннен немесе іссапардан кейін қайтадан әскери қызметке барудан бас тарту секілді әрекеттерге барған.
Журналистер аталған екі базаны біріктіргенде 49 001 адамның аты-жөнін анықтаған. DW басылымының хабарлауынша, бұл көрсеткіш украиналық Frontelligence Insight сарапшылар тобы жариялаған (2024 жылғы желтоқсандағы мәлімет) 50 554 қашқын әскер туралы дерекпен шамалас.
«Важные истории» басылымы тізімдегі барлық әскеридің қызметтен жалтармағанын, деректерде ішінара қателер мен дәлсіздіктер болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан 49 мың деген көрсеткіш нақты дерек емес, ресейлік әскерилер арасында қашқындық құбылысының ауқымын сипаттайтын жалпы бағдарлы сан.
«Прощай, оружие» жобасының сарапшысы Алексей Альшанский деректер базасына талдау жасай келе, аталған тізімге барлық қашқындардың енбегенін, нақты сан бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.