Қазақстандық жүргізушілер Ресей шекарасында жаңа көші-қон ережелеріне байланысты қиындықтарға тап болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шұғыл жиында талқыланды.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей аумағында шетелдік азаматтардың тіркеусіз болу мерзімі бір жылда 90 күннен аспауға тиіс деген заң күшіне енді. Бұған дейін бұл мерзім 180 күн болатын. Жаңа тәртіп халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын қазақстандық жүргізушілерге де қатысты.
Оның үстіне, Ресей мен Беларусь арасында Одақтық мемлекет болғандықтан, Беларусь аумағында өткізген күндер де Ресейде болған мерзімге қосылады.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы жаңа тәртіпке тек халықаралық тасымалдаушылар ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі тасымалмен айналысатын жүргізушілер де ілінгенін айтты.

Осы себептен Ресейде болу мерзімінің лимиті таусылған жүргізушілер жылдың соңына дейін рейске шыға алмай отыр. Сондай-ақ, кейбірі жаңа ережелерді бұзғаны үшін ұсталып, елден шығу туралы ескерту алған.
Мәселені қыркүйектен бастап Ресейдің «сұр импортқа» қарсы рейд жүргізуі одан әрі ушықтыра түскен. Бұл шара қосымша тексерістердің артуына және шекарадағы көлік кептелісінің ұзаруына себеп болды.
Қазақстан тарапы қазіргі таңда осы мәселе бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізуде. 7 қазанда Серік Жұманғарин Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесу өткізіп, жағдайды бірлесіп шешуге келісті.
Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай саудаға кедергі ретінде танылуы үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) ресми өтініш жолданды. Бұл мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында, ал 7 қарашада Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның 26-отырысында талқыланады.