Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 19-пакетін ертең, 23 қазанда өтетін саммитте бекітпек, деп хабарлайды Ertenmedia Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жолғы шектеу шараларының тізіміне Орта Азиядағы бірнеше кредитор мекеме де енген.
«Жаңа санкция пакетіне Ресейден сұйытылған табиғи газ (СТГ) импорттауға салынған тыйымның мерзімін 2027 жылдың қаңтарына дейін, яғни бұған дейінгі жоспардан бір жыл ерте енгізу кіреді. Бұдан бөлек ресейлік банктерге, Орта Азиядағы кредиторларға және криптовалюта биржаларына да шектеу қойылады», – деп атап өтті агенттік.
Жаңа санкциялардың басты мақсаты Мәскеудің энергетикалық кірістерін барынша шектеу және Владимир Путинді Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөз бастауға мәжбүрлеу.
Пакеттің ішінде Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескен Қытай мен Үндістан компанияларына қатысты да сауда шектеуі бар. Сондай-ақ, Ресейдің әскери өнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын минералдар, керамика және каучук сияқты тауарды экспорттауға жалпы сомасы 40 млрд еуродан (46,9 млрд доллар) асатын тыйым енгізіледі.
Сонымен қатар, ресейлік мұнайды тасымалдаған тағы 100-ден астам танкер «қара тізімге» ілінбек. Сөйтіп санкцияға түскен кемелердің жалпы саны 550-ге жуықтайды.