Қазақстан арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға транзитпен өтетін ресейлік малдан аусыл белгілері байқалған. Бұл туралы «БҚО ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Ғайса Әбсәтіров мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымның айтуынша, соңғы уақытта Қазақстанның ветеринарлық бақылау қызметі Ресейден Өзбекстан мен Қырғызстанға жіберілетін транзиттік мал көліктерін тексерген кезде, бірнеше мәрте малдан аусылдың клиникалық белгісін анықтаған. Атап айтқанда, ауыз қуысында жара пайда болып, малдың сілекейі шұбырып тұрғаны байқалған.
«Ресей тарапы Солтүстік Кавказ федералдық округінде, Қалмақ Республикасында, Астрахан облысында, Алтай өлкесі мен Алтай Республикасында, сондай-ақ Бурятия Республикасы мен Новосібір облысында пастереллез дерті тарады деп ресми мәлімдеген. Тіпті, кей өңірлерде малдың жаппай қырылып жатқаны туралы деректер бар. Бірақ Қазақстан шекарасында анықталған белгілер пастереллезге емес, аусылға тән екені анық», – дейді Әбсәтіров.
Сарапшы осыған байланысты Қазақстанның 2026 жылдың 24 ақпанынан бастап Ресейдің жоғарыда аталған өңірлерінен мал мен мал өнімдерін тасымалдауға уақытша тыйым салғанын еске салды. Алайда шектеулерге қарамастан, транзиттік мал көліктері Қазақстан аумағы арқылы өтіп, Өзбекстан мен Қырғызстанға еш кедергісіз жеткізілген.
«Негізгі проблема Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше және бақылаушы елдер арасында ортақ эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде нақты ынтымақтастықтың болмауы. Бұл Қазақстан аумағын қауіпті инфекциялардың транзиттік дәлізіне айналдырды», – деп атап өтті профессор.
Әбсәтіровтің айтуынша, Өзбекстан мен Қырғызстанның ауру белгілері бар малдарды еш қарсылықсыз қабылдап жатқаны қосымша алаңдаушылық тудырады. «Бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастырылуы керек. Өйткені малдың ауруы тез тарайды, оның арты адам денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін», – деді ол.
Профессор ЕАЭО аясындағы ортақ ветеринарлық талаптардың іс жүзінде орындалмай отырғанын қатаң сынға алды. «Келісім бар, бірақ іс жүзінде ветеринарлық қызметтердің әрқайсысы өз ережесімен өмір сүріп жатыр. Осы себепті Қазақстан эпизоотиялық жағынан өте қолайсыз аймаққа айналып барады», – деп қорытындылады Әбсәтіров.
Айта кетелік, бұған дейін бірқатар шаруақожалық иелері еліміздегі ет бағасын келісіне 12 мың теңгеге көтеруді ұсынған болатын. Сөзінше, базардағы баға төмен болған сайын халық қуануы мүмкін, бірақ оның зардабы тереңде жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







