25 қазан Республика күніне орай Қонаев қаласында ауқымды мерекелік бағдарлама өтеді. Қаланың Орталық алаңы бұл күні өнер мен заманауи технология тоғысқан ерекше кеңістікке айналмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кешкі бағдарлама сағат 17:00-де басталады. Сахнада танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Концерттің басты қонақтары – Esko, Ray және Нұрсұлтан Нұрбердиев.
Кештің шарықтау сәті – Алматы облысында алғаш рет өтетін дрон-шоу. Жүздеген дрон түнгі аспанға көтеріліп, жарық арқылы түрлі бейнелер мен композициялар жасайды. Бұл көрініс қала тұрғындары үшін жаңа форматтағы мәдени тәжірибе болмақ.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл еліміз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуын атап өтуде. Бұл құжат – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының негізі саналады.
Осыған орай өңірде жүздеген іс-шара жоспарланған. Бизнес өкілдерімен кездесулер, жастарға арналған экскурсиялар, форумдар мен конференциялар өткізіліп жатыр. Ал Қонаевтағы мерекелік концерт пен дрон-шоу – осы бағдарламаның негізгі оқиғасына айналмақ.
Ұйымдастырушылар бұл кештің тек концерт емес, отбасымен бірге тамашалайтын ерекше мерекелік сәт болатынын атап өтуде. Дрон-шоу демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып, қала тұрғындарына тарту ретінде ұсынылады. Қонаевта өтетін бұл шара Республика күніне арналған ең әсерлі көріністердің біріне айналуы күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







