Президент Тоқаев Республика күні қарсаңында елдің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отандық ғылымды дамытудағы айрықша еңбегі үшін Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, танымал математик Асқар Жұмаділдаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Сонымен қатар білім саласындағы ерекше жетістіктері үшін Алматыдағы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова мен Оралдағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмара Траисова да осы атаққа ие болды.
Өндіріс саласындағы айрықша табыстары үшін «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.
«Отан» орденімен кардиохирургия саласының майталманы Сейтхан Жошыбаев және көрнекті ақын Нұрлан Оразалин марапатталды.
Бибісараның биігі
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен өнер қайраткерлерінің бірқатары І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Олардың арасында Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Қазақконцерт әншісі Нұрлан Өнербаев, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева бар.
Белгілі ғалымдар, мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдері «Парасат» орденіне ие болды. Бұл марапат Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке, белгілі актер Кенжетай Кемалов пен актриса Данагүл Темірсұлтановаға тапсырылды.
Елдегі ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосқаны үшін «Ел бірлігі» ордені Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Сергей Героев, Ага Алиев, Александр Барон және Сергей Вишнякқа берілді.
Самал үшін қуанған қауым
Елімізге еңбек сіңірген бір топ азамат, соның ішінде актриса Самал Еслямова мен белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғылым мен әдебиет саласындағы көрнекті еңбегі үшін ақын-жазушылар Темірхан Медетбек, Виктор Михайлов және Иран-Ғайып Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алды.
Мәдениет саласындағы көрнекті жетістіктері үшін актерлер Қуандық Жұмабеков, Лидия Кәден, Ғани Шынтемір және белгілі әншілер Майра Мұхамедқызы мен Мақпал Жүнісова «Қазақстанның халық әртісі» атағын иеленді.
Биылдан бастап алғаш рет медицина мамандарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Оның алғашқы иегерлері – медицина саласының үздік өкілдері Абай Байгенжин, Вадим Кемайкин және Борис Цхай.
Еңбек адамын құрметтеу дәстүрі қалыптасуда
Әскери қызмет пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде батылдық танытқан азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Суға батқан адамды құтқарғаны үшін Жасұлан Пермабек ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, өрттен адам өмірін аман алып қалған полиция инспекторы Дәурен Қорғанбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Жалпы биыл мемлекеттік награда иегерлерінің арасында 450-ден астам қарапайым еңбеккер, 137 педагог, 80-нен аса ғалым және 100-ге жуық құтқарушы бар. Сондай-ақ еңбек әулеттерін марапаттау дәстүрі жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, теміржолшылар және өндірісшілер әулеттері ерекше құрметке ие болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

