Алматыда өзін «қазақ Робин Гуды» деп насихаттаған блогер Ілияс Сәриев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тергеу материалдары бойынша, тұрақты табысы болмаған Сәриев әлеуметтік желідегі танымалдылығын пайдаланып, қайырымдылықты «бизнеске» айналдырған.
Instagram-дағы парақшасында мұқтаж жандарға қаражат жинау үшін арнайы науқан ашатынын хабарлап, алдына келгендерден қомақты сома талап етіп отырған.
Іске қатысты 26 эпизод тіркелген.
Бір мысал Кожамжарова есімді азаматшаның жағдайы. Оның туысы бүйрек ауруына шалдығып, Украинада емделу үшін 35 млн теңге қажет болған. Осыны естіген Сәриев көмек үшін 1,5 млн теңге ақы сұрап, алдын ала 500 мың теңгені танысының шотына аудартқан. Бірақ ақыры ешқандай көмек бермеген.
Дәл осындай жағдайға тап болған Айман Жүргенбаеваның үш жастағы қызы ауыр дертке шалдыққан. Сәриев Түркияда өтетін емге 50 млн теңге жинап беремін деп сендірген. Қызметіне 1,5 млн теңге талап еткен. Ақыры Айманның халықтан жинаған 750 мың теңгесін алғаннан кейін хабарсыз кеткен. Уәде еткен видеоролик түсірілмеген, ақша жинау да басталмаған.
Венера Сұлтанқызы да блогердің әрекетінен зардап шеккендердің бірі.
Ол қызының еміне қажетті қаражатты микроқаржы ұйымынан қарыз алып, Сәриевке берген екен. Алайда блогер ақшаны алғаннан кейін түрлі сылтаумен уақыт созып, кейін мүлде байланыстан үзілген.
Сәриев пен серіктесі Ақтоты Дүйсееваның «MM Travel» дейтін турфирма құрып, қажылық сапар ұйымдастыру арқылы да табыс тапқаны анықталды. Олар Instagram арқылы азаматтарға арзан әрі сапалы қажылық турларын жарнамалаған.
Бір ғана Атырау облысының тұрғыны алдын ала 1 млн 140 мың теңге аударғанымен, уәде етілген қажылыққа сол күйі бара алмаған.
Бұған дейін дәл осы қайырымдылық арқылы байыған Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева сотталып, Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. С
Соңғы уақытта қайырымдылықты табыс көзіне айналдырған алаяқтардың көбеюіне байланысты үкімет қорлардың қызметін бақылауды күшейтуді қолға алмақ.
Сәриев пен оның сыбайласына қатысты келесі сот отырысы 25 қыркүйекте жалғасады.