Әскерде жүріп ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар роботтың көмегімен қозғала бастаған. Бұл туралы заңгер Инга Иманбай мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ұзақ әрі нәтижелі емнің арқасында айтарлықтай оң өзгерістер бар: Басына сәтті ота жасалды. Инфекциядан толық арылды. Катетері мен мұрнындағы зонты алынды. Салмақ қосып, робот арқылы қимылдай бастады. Өзі аздап тамақ іше бастады», — деп жазды ол.
Инга Иманбайдың айтуынша, дәрігерлердің де болжамы жақсы, бірақ толық оңалуға әлі уақыт керек. Ал ем Ыстамбұлда жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу дұрыс жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. Заңгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу салды.
Сонымен қатар, депутат Нартай Аралбайұлы Мәжіліс мінберінде дүйім ел назарын аудартып отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген», — деді ол.