Петербор форумында Тоқаевпен пікір таластырып, Қазақстанның Донецк пен Луганскіні мойындаудан бас тартуын ашық сынаған RT бас редакторы Маргарита Симоньян ауыр науқасқа шалдыққанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресейлік журналист Владимир Соловьевтің «Россия 1» арнасындағы авторлық бағдарламасына қатысып, ауыр дертке шалдыққанын, 8 қыркүйекте күрделі операция жасататынын айтты.
«Осы аптада дәрігерлер маған ауыр, қорқынышты диагноз қойды. Ертең операцияға жатамын», – деді Симоньян.
Ол денсаулығының нашарлағанына қарамастан, эфирге шығып, майданда жүрген әскерилер мен олардың отбасына қолдау көрсетуді жөн санағанын жеткізді. Сондай-ақ, журналист өзінің күйеуі, режиссер Тигран Кеосаянның тоғыз айдан бері комада жатқанын да еске салды.
«Орыста «бәле келсе қақпаңды аш» деген сөз бар ғой. Біздің үйдің қақпасы қазір тіпті жабылмайтын болды, тағдыр дауылы соғып, жұлып әкетті», – деді Симоньян.
Еске сала кетсек, Маргарита Симоньян Санкт-Петербург экономикалық форумында президент Тоқаевты ашық пікірталасқа шақырып, Қазақстанның Луганск пен Донецкіні мойындаудан бас тартуын сынға алған еді.
Қазақстан президенті халықаралық құқықтың екі негізгі принципі территориялық тұтастық пен ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы бір-біріне қайшы келетінін айтып, Ақорданың бұл мәселедегі ұстанымы нақты екенін жеткізген болатын.