Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесінің дәл үстінде Қорғаныс министрін қызметінен босатып, бір ғана адам емес, тұтас басқару үлгісіне қатысты ұстанымын қайта нақтылады. Руслан Жақсылықовтың бұл отставкасы мемлекеттің қорғаныс стратегиясындағы сабақтастық емес, өзгеріс белгісі. Мұны көпшілік бірден түсінгені анық.
Қорғаныс министрі елдің ішкі тірегі мен сыртқы сигналын анықтайтын стратегиялық тұлға. Бұл тек әскери форма киген министр емес, ұлттық қауіпсіздік архитектурасының тірегі. Қазіргі таңда әлем тыныш емес, шекараның ар жағында оқ атылып, күн сайын жаңа дрон жарылып жатқанда, дәл осы министрліктің басында отырған адамның сөзі мен әрекеті аймақтың саяси тұрақтылығына әсер ететін факторға айналуы шарт. Жақсылықов сол жауапкершіліктің биігіне шыға алмады. Оның кей мәлімдемелері мен әрекеттері бұл жүйеге ілесе алмай келе жатқан саяси инерцияны аңғартты.
2022 жылғы Қанды Қаңтардан кейін тағайындалған генерал Жақсылықов елдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде Қорғаныс министрі болды. Бірақ бұл лауазым оның шын әлеуетін ашып берген жоқ. Қайта ол аралық тұлғаға айналды. Министрлік деңгейіндегі шешімдердің саяси салмағын сезіне алмады. Қоғамда әділдікке деген сұраныс артып, мемлекеттік аппарат моральдық реформаға ұшырап жатқанда, Жақсылықов әлі де ескі риторика мен постсоветтік тактиканы қолданумен шектелді.
Бір ғана мысал – оның қазақ тіліне байланысты сөзі. Журналист сұрағына «біз біреудің көңілін қалдырмау үшін орыс тіліне ауысамыз» деп жауап беруі – мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы стратегиялық пайымнан гөрі, ескі жүйенің әдетінен арыла алмаған адамның сөзі. Бұл жауап тек тіл емес, тұтас идеологиялық бағдардың бейнесі. Мемлекеттік символиканы сезінбейтін адамның Қарулы күштерді басқаруы жүйелік қайшылыққа айналатыны белгілі.
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігіне қатысты сын үдей түскенін білеміз. Әскери бөлімдерде орын алған өлім-жітім, сарбаздар арасындағы тәртіпсіздік, жемқорлық істері, сатып алу рәсімдеріндегі күмәнді келісімдер – мұның бәрі Жақсылықовтың тікелей бақылауындағы процесстер еді. Украинадағы соғыс Қазақстанға қауіпсіздік архитектурасын қайта қарауға мәжбүр етті. Бірақ сол сәтте бізге стратегиялық көрегенділік пен техникалық модернизация керек болды. Ал бұл талаптарға Жақсылықовтың саяси ерік-жігері мен кәсіби дайындығы жауап бере алмады десек болады.
Бүгінгі армия – тек автомат пен танктің емес, цифрлы технология мен логистикалық серпілістің алаңы. Қазақстан өз қорғаныс жүйесін жаңғыртуға миллиардтаған теңге құйып жатқанымен, оның қайтарымы мен тиімділігі – үлкен сұрақ туғызып отыр. «Барыс» бронды көлігінің сәтсіз сынағы, отандық деп таныстырылған, шын мәнінде шетелде жасалған «Таймас» техникасы – мұның бәрі министрліктің жанындағы өнеркәсіптік құрылымдардың ауыр дағдарысты бастан кешіп жатқанын көрсетеді. Әскери өндірістегі ашықтықтың болмауы, ықпалды топтардың артықшылық алуы – жүйелік дертке айналғаны жасырын емес.
Бүгінде Айбек Барысов сияқты кәсіпкерлердің артында кім тұрғанын Жақсылықов білмесе де, қарпайым халық жақсы біледі. Бірақ сол ықпалды адамдардың қасында қорғаныс министрінің сөзі өтпесе, ол қызметтің мәні не болмақ? Жақсылықовтың жағдайында ең негізгі мәселе – саяси салмақтың жоқтығы болып тұр. Ол Қарулы күштердің мүддесін қорғайтын министр емес, жүйенің ішіндегі бейтарап бақылаушы кейпінде қалды. Сол себепті оның қатысы бар немесе бақылауында болған өндіріс, технология, келісімшарттар жүйесіндегі заң бұзушылықтар тікелей өзі үшін жауапкершілікке айналды.
Ал Жеңістің 80 жылдығына арналған Мәскеудегі шеруде айтқан «біз қонақ емеспіз, достармыз, одақтаспыз» деген сөзі – бөлек әңгіме. Бұл мәлімдеме халықаралық қатынастар тұрғысынан да, ұлттық егемендік идеологиясы жағынан да ерсі естілді. Президент Тоқаев Мәскеуге ресми хаттама аясында, күрделі геосаяси тепе-теңдікті сақтай отырып барған тұста, Қорғаныс министрінің мұндай сөз айтуы тіпті орынсыз екені анық. Министрдің әр сөзі мемлекеттің ресми ұстанымы ретінде қабылданады. Ал бұл сөз Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына сай келмеді. Демек, бұл – отставкаға бір қадам жақындатқан қателік болды деп саусағымызды бүгіп, есеп қылсақ болады.
Тоқаев Құрбан айт кезінде, бұл шешімді жария ете отырып, халыққа да, элитаға да, сыртқы серіктестерге де түсінікті әрі нақты сигнал берді. Қоғамда «жауапкершілік бар ма?» деген сұрақ жүрген кезде, ол жауапты нақты шешіммен көрсетті. Президент кадрлық ротация арқылы институционалдық жауапкершілікті күшейту – саяси мәдениеттің жаңа кезеңіне өтудің жай ғана сөз емес екенін көрсетті.
Қазіргі жағдайда қорғаныс секторы әскери ғана емес, дипломатиялық, технологиялық, индустриалдық салаға айналып отыр. Сондықтан оның басында тұрған адам тек шенді генерал емес, халықаралық келіссөздерде ел атынан сөйлейтін, әскери-өндірістік кешенді басқаратын, стратегиялық қауіпсіздік жүйесіне жауап беретін тұлға болуы шарт. Жақсылықов бұл миссияға дайын болмай шықты.
Қорғаныс министрі болып тағайындалған Дәурен Қосановқа кәсіби біліктілік, саяси салмақ, стратегиялық ойлау, ашықтық қамтамсыз етуді талап етілуді. Бүгінде армия өз ішінде ғана өмір сүретін Кеңестік жүйе кезіндегі жабық құрылым емес. Ол – халық сенетін, ел болашағын қорғауға қабілетті ұлттық институт. Ал мұндай сенім күн сайын сыналады.
Нұрлан ЖҰМАХАН