Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровтың Ресейден шыға алмай қалу қаупі бар деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сабыровты әзірде ғана Мәскеудің «Внуково» әуежайында шекарашылар тоқтатып, Ресейге кіруіне тыйым салынған естірткен еді. Түн ортасында Дубайдан Ресей астанасына ұшып келген әзілкешті бірден арнайы бөлмеге алып барып, қолына ресми құжат тапсырған.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша Сабыров Украинадағы агрессияға қатысты Кремльді сынап, «антиресейлік ұстанымдағы пікір» білдірген.
Кремль пропагандасы осы тұста, Сабыровқа тағылған айыптың салмағын ауырлатып жатыр.
НВТ арнасының мәліметінше қазақ әзілкеші атышулы украиналық стендапер Дмитрий Романов және халықаралық іздеуде жүрген Беларусь комигі Слава Комиссаренкомен тығыз байланыста. «Романов Украина әскеріне жалдамалы сарбаз жинайтын поляк штабында жұмыс істеген», — дейді ресей пропагандасы.
Mash Telegram-арнасының ақпаратына сүйенсек, «Внуково» әуежайының арнайы бөлмесінде отырған Сабыровқа Дубайға тегін ұшу ұсынылған. Тек бір нюанс бар. «Қолыңа кісен салып, ұшаққа мінгіземіз» деген шарт қойылған. Бұдан үзілді-кесілді бас тартқан әзілкеш ақырында Қазақстанға қайту туралы шешім қабылдапты.
«Сабыровтың Ресей азаматтығынан бас тартуына санкция себеп болды. Солай бола тұра, Ресейде оның тапқан табысы 50 миллион рубльден асып кеткен. Ел аумағындағы дүние-мүлкінің құны 60 миллион рубльге жуықтайды», — дейді осы тұста көршіміздің телеграм-арналары. Ресейлік пропаганда әзілкешті әжуалап, Сабыровтың әйелін де түртпектеп жатыр. Әлемжеліде әзілкештің әуежайда қиын жағдайға тап болғаны туралы видеолар тарауда.
Айта кетелік, бұған дейін Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына кіруіне тыйым салынғанын хабарлаған едік. Оған сәйкес, 30 қаңтардан бастап әзілкештің Ресей аумағына кіруіне 50 жыл мерзімге ресми түрде шектеу қойылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

