Киевте журналист Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілер 18 маусымда «Паланка» кеден бекетінен Молдоваға кірген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Азаттық мәліметінше, Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев 19 маусым сағат 01.20-да Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып кеткен. Бұл туралы шекара қызметіндегі дереккөздеріне сүйенген «Молдова: Актуально» телеграм-арнасы хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, күдіктілердің бірі Қаратаев Молдоваға бұған дейін бірінші рет 2024 жылы 19 мамырда «Леушен» кеден бекеті арқылы кірген.
Ол елден шыққанда Кишинев халықаралық әуежайынан Франкфуртқа (Германия) ұшып кеткен.
«Молдова: Актуально» телеграм-арнасы бейнебақылау камерасы түсірген күдіктілердің суретін және төлқұжатын жариялады. Қазақстан билігі күдіктілердің бірі Жақанбаев 21 маусымда ішкі істер органдарына өз еркімен берілді деп хабарлаған. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз. Бас прокуратура оны іздеп жатқанын айтқан.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген саясаткер Әміржан Қосан «Садықовтың ісі саяси спекуляцияға айналмауы керек» деп мәлімдеген еді. Саясаткердің пікірінше, Қазақстандағы супер президенттік жүйеде мұндай оқиға кезінде президенттің есімі аталып жатады.

