Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыру мәселесі халықтан түскен петиция негізінде арнайы қаралады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, арнайы құрылған жұмыс тобы қазірдің өзінде өз жұмысына кіріскен.
«Заңға сәйкес петицияны қарастырудың нақты алгоритмі бар. Бүгін жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, ұйымдастыру жұмыстары басталды. Өтініш авторлары тарапынан ұсынылған азаматтар жұмыс тобына енгізілді. Қазір талқылаудың ашық, дәлелді және құрметпен өтуіне назар аударылып отыр. Эмоцияға беріліп, дәлелсіз айыптауға жол берілмейді. Шешім шахматтағыдай әр қадамды мұқият, негіздеп қабылданады», – деді Арман Шаққалиев.
Министр жұмыс тобындағы талқылаудан кейін арнайы комиссия қорытынды шығаратынын жеткізді. Барлық жұмыс заңда көрсетілген мерзім бойынша – 40 күн ішінде аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, биыл 1 наурыздан бастап Қазақстанда уақыт есептеу тәртібі өзгеріп, ел аумағы тұтасымен «UTC+5» белдеуіне көшкен еді. Бірақ бұл шешімге қарсы шыққан азаматтар уақытты бұрынғы қалпына қайтару туралы петиция бастады. Жақында бұл петицияға қол қойғандар саны 50 мың адамнан асқан болатын.
Бұған дейін вице-премьер Серік Жұманғарин 50 мың дауыс жиналған жағдайда арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселе толық қаралатынын мәлімдеген. Қазір осы уәде бойынша арнайы жұмыс басталды.
Бұған дейін президент Тоқаев елімізде біріңғай уақыт белдеуі болуы тиіс екенін айтқан еді.

