Белгілі салық адвокаты Жангелді Сүлейманов президент Тоқаевтан жаңа Салық кодексін қолданысқа енгізуді тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Қазіргі қалпында кодекс кәсіпкерлікке кедергіні көбейтеді, бизнес-климатты нашарлатады. Құжат шикі, құқықтық тұрғыдан өрескел қателер мен әділетсіз нормалар көп. Мұны сарапшылар мен кәсіпкерлердің бәрі айтып жатыр. Өзім де бірнеше рет осы мәселені көтердім, талай мемлекеттік органға хат жолдап, кодекстегі қарама-қайшылықтарды жоюды талап еттім. Бірақ мәселе мұнымен ғана шектелмейді», – дейді адвокат.
Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, басты қауіп ендігі жерде көптеген салық мәселесі кодекстің өзімен емес, одан төмен деңгейдегі 245 нормативтік-құқықтық актімен реттелмек.
«Осыны ойлап көріңіз: бірнеше жыл дайындалған кодекстің өзінде сансыз қате жіберілген. Енді асығыс әзірленген қосымша 245 құжаттың сапасы қандай болмақ?» – деп алаңдаушылық білдірді заңгер.
Адвокаттың айтуынша, ол жақында қабылданған бір ғана құжаттан міндеттемелерді орындауды мойындауға қатысты 10 қате тапқан.
«245 ереже шыққанда қателер саны мыңдап саналатыны анық. Уақыт өте келе ережелерге тағы мыңдаған өзгеріс енгізіліп, жағдайды одан әрі күрделендірмек. Осылайша, шикі кодекс пен оның астындағы жүздеген құжат тек бизнестің мойнына ауыр жүк артып, кәсіпкерлерден салықты көбірек өндіру үшін жұмыс істейді», – дейді ол.
Жангелді Сүлеймановтың сөзінше, көп кәсіпкерлер қазір тек ҚҚС (НДС) мөлшерлемесі, ЭҚЖЖ (ОКЭД) кодтары немесе жеңілдетілген тәртіп сияқты мәселелерді ғана талқылауда.
«Бұлар, әрине, маңызды. Бірақ нағыз қауіп құқық нормаларының қалай қолданылатынында. Егер заң нормасы анық жазылмаса немесе кәсіпкердің мүддесіне қарсы жазылса, салық органы оны әрдайым өз пайдасына шешеді», – дейді адвокат.
Заңгер осы мәселені азаматтық парызы ретінде көтеріп отырғанын айтты.
«Менің салық адвокаты ретінде мұнымен күресуіме мүлде себеп жоқ. Кодекстегі қате неғұрлым көп болса, менің де жұмысым көбейер еді. Бірақ ең алдымен Қазақстан азаматымын. Сондықтан елімнің ертеңіне бей-жай қарай алмаймын», – деп түйіндеді Жангелді Сүлейманов.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

