Ертеңнен бастап жаңа Салық кодексі іске қосылады. Осыған орай микро және шағын бизнес өкілдеріне бағытталған арнайы салықтық жеңілдік жарияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жеңілдіктің басты ерекшелігі бұған дейін жиналған өсімпұл мен айыппұлдардан толықтай құтылу мүмкіндігі. Алайда мүмкіндікті пайдалану үшін кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі салық берешегін өтеп болуы керек.
Осы шарт толық орындалған жағдайда, өсімпұлдар мен айыппұлдар автоматты түрде жойылады. Мұны арнайы өтінішсіз-ақ салық органдары өздері жүзеге асырады.
Қаржы министрлігі бизнеске тек өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешірумен шектелмей, кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салатын көптеген салықтық тексерулерді де қысқартады. 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша, кейбір ерекше жағдайды қоспағанда, ешқандай камералды және салықтық тексерулер жүргізілмейді.
Сондай-ақ, салық органдары өткен кезеңдегі есептік құжаттарды кеш тапсырғаны немесе ҚҚС бойынша дер кезінде тіркеуге тұрмағаны үшін кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартудан бас тартады.
Бұған дейінгі салық кезеңдеріне қатысты бизнестің тіркелуі мен қайта тіркелуіне байланысты сотқа берілген шағымдар да қысқарып, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар тоқтатылмақ.
Министрлік кәсіпкерлерді жоғарыдағы жеңілдіктерді пайдалануда негізгі қарыздың өтелуін кешіктірмеуге шақырады. Себебі аталған шаралардың барлығы уақытша сипатта болады. Ал берілген мерзімді өткізіп алған бизнес өкілдері бұл жеңілдіктен қағылады.
Айта кетелік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық кодексінің әкесімін» деп мәлімдеген болатын.

