«Олимп» зертханалар желісінің басшысы Ерлан Сүлейменов Президент Тоқаевқа үндеу жолдап, компанияның соңғы екі жыл бойы салық органдары тарапынан жүйелі түрде қысымға ұшырап отырғанын мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.kz.
Үндеуде айтылғандай, «Олимп» клинико-диагностикалық зертханалар желісі еліміздегі заманауи медицинаның дамуына елеулі үлес қосып отырған ірі компаниялардың бірі. Қазір желіде 6000-нан астам маман қызмет етсе, мыңдаған пациент сапалы медициналық қызмет алып келеді.
Компания елде бұрын-соңды болмаған жаңа технологияларды – генетикалық зерттеулерді, жаңа туған нәрестелерге арналған скринингтерді, зертханалық процестерді толық автоматтандыруды енгізіп жатыр.
Алайда соңғы уақытта «Олимп» салық органдарының әділетсіз және негізсіз тексерулеріне ұшырап, компанияның тұрақты дамуына қауіп төнуде.
Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, салық органдары Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындыларын елемей, заңдарды өз пайдасына қарай бұрмалап, субъективті түсіндіріп келеді. Соттар, соның ішінде Жоғарғы Сот та, салық органдарының бұл әрекеттерін бірнеше рет заңсыз деп танығанына қарамастан, тексерулер жалғасуда.
«Бүгінгі таңда жоспардан тыс төртінші тексеру басталғалы тұр. Бұл біздің ресурстарымызды ысырап етіп қана қоймай, стратегиялық жобаларымызды іске асыруға қауіп төндіреді», – дейді Ерлан Сүлейменов өз үндеуінде.
Компания басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше мән беріп, шетелдік, әсіресе неміс инвесторларының қатысуымен ашық әрі адал қызмет атқарып жатқанын атап өтті.
Үндеудің соңында Ерлан Сүлейменов Президенттен ел үшін маңызды жобаларды тежеуші негізсіз тексерулерді тоқтатуды, бизнеске адалдық презумпциясының сақталуын қамтамасыз етуді және осындай мәселелерді шешу үшін мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогқа қолдау көрсетуді сұрайды.
«Біз тәжірибемізбен бөлісуге, ұлттық денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға дайынбыз. Бірақ ол үшін бізге әділдік пен тұрақтылыққа деген сенім қажет. Қазақстан сапалы медицинаға лайық. Біз оны жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Алайда Сіздің қолдауыңызсыз бұл күш-жігер зая кетуі мүмкін», – деп қорытындылады Сүлейменов Президентке арнаған үндеуін.
Қазақстандағы клинико-диагностикалық зертханалар желісі «Олимп» кейінгі жылдары бірқатар сынға ұшыраған.
COVID-19 пандемиясы кезінде «Олимп» зертханасы ПТР тестілеу қызметін ұсынып, 15 жаңа зертхана ашты. Бастапқыда ПТР тестінің бағасы 15 000 теңге болғанымен, бәсекелестікке қарсы агенттіктің араласуынан кейін баға 9 000 теңгеге дейін төмендетілді. Бұл бағаның бастапқыда жоғары болуы қоғамда наразылық туғызды.
«Олимп» зертханасы соңғы төрт жылда мемлекеттік сатып алулар арқылы 453,7 миллион теңге көлемінде қаражат алған. Бұл тек бас компанияның көрсеткіші; ал 22 өңірлік филиалдың әрқайсысы жеке тіркеліп, мемлекеттік мекемелермен белсенді жұмыс істеген. Осыған қарамастан, компанияның иесі мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігін айтып, шағымдануда.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде жүргізілген талдау нәтижесінде, «Олимп» зертханасы зертханалық қызметтер нарығында үстемдікке ие екені және кейбір анализ түрлерінің бағасын 12-35%-ға дейін көтергені анықталған. Сондай-ақ, «Олимп», «INVIVO» және «Инвитро-Казахстан» компаниялары арасында кейбір қызмет түрлері бойынша баға келісімі болғаны туралы мәліметтер бар
Айта кетелік, компанияның Ерлан Сүлейменов биыл Қазақстандағы ең ауқатты 75 адамның қатарына кірген болатын. Оның дәулеті 90 миллион доллардың төңірегінде.