Вице-премьер Қанат Бозымбаев Самара–Шымкент тасжолында болған қайғылы жол апатынан кейін арнайы жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
23 қазан күні таңғы сағат 08:40 шамасында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Белқопа ауылының тұсында «DAF» маркалы жүк көлігі мен жолаушы тасымалдаған «Газель» шағын автобусы бетпе-бет соқтығысып, ауыр апат болды.
Салдарынан екі көліктің де жүргізушілері және «Газельде» болған 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Қаза болғандардың арасында 3 және 9 жастағы екі бала бар.
Апатқа ұшыраған 16 орындық жаңа «Газель» Жүргенов ауылынан таңғы жетіде жолға шыққан. Жолаушы тасымалдауды жеке кәсіпкер атқарғаны анықталды. Ал жүк көлігін Өзбекстан азаматы басқарған, ол Хромтау қаласынан Қарабұтақ ауылына қарай бағыт алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен.
Оқиға орнынан жарақат алған алты адам Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екеуі ауыр халде болса, төртеуінің жағдайы орташа. Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиация көмегімен жарақат алғандарды Астанаға жеткізіп, емдеуді тапсырды.
Сонымен қатар, Вице-премьер апатта қаза болғандардың отбасыларына материалдық әрі психологиялық көмек көрсетуді Ақтөбе облысының әкімдігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеді.
Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы жол-көлік апатының себептерін жан-жақты тергеп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен құрылған арнайы үкіметтік комиссия да апат орнына барып, жағдайды толық зерттеуге кірісті.
Вице-премьер Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне осы оқиға болған Самара–Шымкент тасжолының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұған дейін де осы жол бойында ірі әрі ауыр апаттардың жиі орын алуы биліктің алаңдаушылығын тудырып отыр.
Жолдың қауіпті тұстарын анықтап, апаттың алдын алу шараларын күшейту міндеттелді.
Қазір жол апатының мән-жайын толық анықтау үшін тергеу жалғасуда. Арнайы комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Ertenmedia-ның телеграм арнасына тіркелуді ұмытпаңыз.