«Самұрық-Энергоның» балансында болған Бұқтырма ГЭС-і жаңа құрылымның қолына өтті. Әуелде жұрт алып кәсіпорынның кімге бұйырғанын білмей дал болған еді, кейін анықталғандай, стратегиялық актив холдинг ішіндегі Qazaq Green Power PLC-ға берілген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Kapital-ға пікір білдірген холдинг өкілдері мұны елдегі «жасыл» энергетиканы бір арнаға тоғыстыру деп түсіндіріп отыр.
Бұқтырма ГЭС-інің 96,3 пайыз акциясы Qazaq Green Power PLC-ның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы берілген. Qazaq Green Power «Самұрық-Энергоның» 100 пайыздық еншілес ұйымы.
Энергетика нарығына жаңадан қосылған Qazaq Green Power PLC осыдан үш жыл бұрын құрылып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрамына кірген еді. Осы жылдың ақпанында Өскемен және Шүлбі гидростанциялары да осы құрылымға өткен.
Әуелде ГЭС-тің акцияларын кім сатып алғаны ашық айтылмағандықтан, ақпарат алаңында алыпқашпа әңгіме көбейген болатын.
Холдингтің бұлайша актив ауыстыруын сала мамандары IPO-ға дайындықтың белгісі ретінде бағалап отыр. Үкімет компанияны 2029-2030 жылдары қор нарығына шығаруды көздейді. Qazaq Green Power арқылы Қазақстан жаңартылатын энергия саласына инвестор тартпақ.
Бұқтырма ГЭС-і еліміздегі қуаты жағынан екінші ірі су электр станциясы әрі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық мәнге ие.
675 МВт қуаты бар станция Қазақстандағы ең ірі жасанды су қоймасы Бұқтырма су қоймасын ұстап тұр. Су қоймасы өңірдің энергетикасына ғана емес, ауыл шаруашылығы мен балық кәсібіне де серпін беріп келеді. Бұқтырма су қоймасынан жыл сайын 9 мың тоннаға жуық бағалы балық ауланады.
ГЭС активтерінің Qazaq Green Power-ға ауысуы әзірге станцияның жұмыс тәртібі мен міндеттемесіне өзгеріс әкелмейді. Компанияның болашағы «Самұрық-Энергоның» жасыл энергетикадағы стратегиясына байланысты болмақ.