Атырау облысындағы Karabatan Utility Solutions компаниясы қоршаған ортаға елеулі залал келтіргені үшін қомақты айыппұл төлеп, ластанған аумақты шұғыл тазартуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Экология департаментінің мамандары «Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы саналатын Karabatan Utility Solutions кәсіпорнына жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде компанияның экологиялық рұқсат құжаттарын алмай-ақ сарқынды суды қоршаған ортаға ағызғаны анықталды. Сондай-ақ тексеріс кезінде мекемеге тиесілі жер телімінің ластанғаны белгілі болды.
«Тексерістен соң компанияға табиғат компоненттерін бастапқы қалпына келтіру жөнінде нақты талап қойылды», – деді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өкілдері.
Экологиялық заңнаманы өрескел бұзғаны үшін компанияға 26,5 млн теңге айыппұл салынды. Айыппұл бүгінде толық өтелген, ал ластанған аумақ толығымен тазартылып, заңсыздықтар жойылды. Атқарылған жұмыс арнайы актілермен расталыпты.
Айта кетейік, Karabatan Utility Solutions Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарды негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етеді.

Компания газ-турбиналы электр станциясын басқарады, электр қуаты мен жоғары қысымды бу жеткізеді. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін деминералданған, тұщытылған және өртке қарсы суды дайындап, технопарк аумағындағы мекемелердің сарқынды суын тазарту жұмыстарымен де айналысады.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қоры мен оған қарасты компанияларды тексеріп, 122 млрд теңгеден астам қаржының тиімсіз жұмсалғанын анықтаған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
«Самұрықтың» есептегі ертегісі: Смайылов тағы бір шындықтың бетін ашты

