Жапон туристерінің Қазақстанға қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Былтыр елімізге Күншығыс елінен келген турист саны 9 мың адамнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 пайызға өскен, деп хабарлайды Ertenmedia.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша, жапон туристері әлемдегі ең тартымды әрі сұранысқа ие туристік нарықтың бірі.
«Өткен жылғы 38 пайыздық өсім айтарлықтай болғанымен, әлі де төмен базаның әсері бар. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш еселеніп артуы мүмкін деп отырмыз», – дейді ол.
Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін 2026 жылдың наурыз айынан бастап Токио мен Алматы арасында тікелей әуе рейстері ашылады. Әрі-бері қатынауды отандық әуе компаниясы орындайды.
Сонымен қатар, биыл Қазақстан Осака қаласындағы көрмеде туристік әлеуетін таныстырып, Жапонияның жетекші туроператорларымен келіссөз жүргізді. Жақын арада олар да елімізге арнайы сапармен келмек.
Жапониядан бөлек, Kazakh Tourism өзге де маңызды халықаралық нарықтармен белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Германиядан жыл сайын елімізге келетін турист саны 100 мыңнан асады. Биыл Қазақстанға немістің ірі туроператорлар қауымдастығы DRV келіп кетті. Сапар қорытындысында олар еліміздің жаңа туристік бағыттарын өздерінің ұсынысына енгізбекші.
Осыған ұқсас қарым-қатынас араб елдері, Қытай, Корея мен Үндістанмен де жолға қойылған.
«Әрбір нарықпен біртектес тәсілмен жұмыс істейміз. Отандық туроператорлар алдымен шетелдегі көрмелерге барып байланыс орнатады, кейін біз оларды Қазақстанға шақырып, еліміздің туристік мүмкіндіктерін жерінде көрсетеміз», – деді Даниел Сержанұлы.