АҚШ Иранға қарсы әскери операция аясында орыс мұнайға қатысты санкцияларды одан әрі жеңілдетуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Байсент сенбі күні мәлімдеме жасап, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери агрессиясына байланысты ресейлік мұнай санкцияларын жұмсарту мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
Байсент журналистерге: «Біз ресейлік мұнайдың басқа да түрлеріне қатысты санкцияларды алып тастауымыз мүмкін», – деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Иранға қарсы операция жалғасқан сайын Вашингтон әлемдік мұнай нарығындағы шиеленісті басу үшін жаңа шараларды кезең-кезеңімен жариялап отырады.
АҚШ Энергетика министрі Крис Райт та Оңтүстік Азиядағы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын қамтамасыз етпек. Ал Үндістанға Ресей мұнайын сатып алуды жалғастыруға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Бұл қадамның қабылдануына Ормуз бұғазындағы тасымалдың тоқтауы себеп болған.
Айта кетейік, 28 ақпан сенбі күні таңертең АҚШ пен Израиль Иранға қарсы жаңа әскери операция бастаған еді. Осы шабуыл салдарынан аятолла Әли Хаменеи мен Иранның бірқатар жоғары әскери басшылары қаза тауып, жүздеген бейбіт тұрғын құрбан болды және елдің стратегиялық инфрақұрылымына ауыр соққы жасалды.
Өз кезегінде Иран АҚШ пен Израильдің агрессиясына жауап ретінде «Шынайы уәде – 4» операциясын бастап, Израиль мен аймақтағы америкалық әскери базаларға соққы беретінін мәлімдеді.
Айта кетерлігі, Иранға жасалған шабуыл ақпан айының соңында Женевада өткен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерден кейін басталды. Бұл келіссөздерді Оман ұйымдастырып, екі тарап Иранның ядролық бағдарламасын талқылаған болатын.
Айтқандай, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстан кейін Тегеранның ықпал ету аумағы кеңейіп, өңірдегі көптеген елдердегі оқиғаларға әсер ете бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







