Орыстардың ең ірі сұйытылған табиғи газ (СТГ) жобасы «Ямал СПГ» санкцияға түсуі әбден мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Түнеукүні Трамп орыстардың ең ірі мұнай өндірушілері «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салған. Бұған дейін аталған компаниялардың кей басшысы санкцияға іліккенімен, олардың өзіне шектеу қойылмаған еді.
АҚШ-тың шешімінен кейін іле-шала Еуроодақ та Мәскеуден келетін СТГ импортына тыйым салу мерзімін бір жылға қысқартып, 2027 жылдың 1 қаңтарына ауыстырды.
Қазірдің өзінде Ресейдің бірнеше миллиардтаған долларлық «Арктик СПГ» мен «Балтық СПГ» жобалары АҚШ пен Еуроодақ санкциясынан кейін ауыр стресске түскен. Жо Бәйденнің тұсында енгізілген санкция Ресейдің болашақ мұнай-газ өндірісіне ғана әсер етіп, қазіргі, нақты тасымалды тоқтатпаған еді.
Трамптың соңғы шешімі Бәйденнің тұсындағы жұмсақ саясаттың түбегейлі өзгергенін байқатады, ендігі санкциялар Ресейдің қазіргі қуатын тежеуге бағытталған.
Upstreamonline-ның дерегінше осыған байланысты «Ямал СПГ» мен «Сахалин-2 СПГ» жобасына қауіп төніп отыр. Екі жоба әзірше санкцияға іліккен жоқ. Былтыр «Ямал СПГ» жобасы Еуропа мен Азияға 21 млн тоннадан астам газ жеткізген екен. «Сахалин-2 СПГ» өнімі негізінен АҚШ-тың Азиядағы ірі одақтасы Токиоға экспортталады.
Ресейлік СТГ қауымдастығының вице-президенті Әлександр Климентиевтің пікірінше, егер күні кешегі тыйым Кремльдің кірісіне қажетті деңгейде әсер етпесе, «Ямал СПГ»-ге тікелей санкция салынуы әбден ықтимал.
Мәскеулік сарапшылардың айтуынша, әзірге соңғы санкцияның жедел әсері болмайды. Бірақ орта мерзімде логистика шығынын күрт арттырып, өнім жеткізудің бағытын ұзартуы мүмкін.
Қазір «Ямал СПГ» өнімі негізінен қыс мезгілінде Сібірдің солтүстік-батыс жағалауынан Еуропа нарығына экспортталады. Батыс нарығы жабылса, Азия бағытындағы тасымал күрделеніп, шығын еселеп артады.
Ресейлік СТГ экспорты қазірдің өзінде Азияға ауысып жатыр, бұл тенденция жаңа санкция күшіне енген сайын күшейе түспек.
Егер Еуроодақ «Ямал СПГ» жобасына тікелей шектеу енгізсе, еуропалық TotalEnergies пен испандық Naturgy Energy компаниясы ұзақ мерзімді газ жеткізу келісімін бұзуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда орыстар жаңа нарық іздеп, Үндістан мен басқа Азия елдеріне қаңғып кетеді.
Уашингтон тікелей санкция енгізсе, одан да үлкен соққы болып, өндіріс көлемі күрт азаяды. Мұндай жағдайда Ресей тек Қытай нарығына ғана үміт артады.
Батыс елдерінің санкцияны энергетика саласына бағыттауы бекер емес: Кремльге қысым жасаудың ең тиімді жолы осы. Қысқа қайырып айтсақ, Кремльдің энергетикалық жүрегі саналатын «Ямал СПГ»-нің тағдыры қыл үстінде. Жобаның «қара тізімге» кіруі Мәскеу үшін энергетикалық инфарктпен тең болуы мүмкін.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

