Саясаткер, қоғам белдендісі Санжар Боқаев өзін жоғалтып алған қауымға жауап қатты деп жазады Ertenmedia.kz.
Ел ішіндегі өткір, өзекті мәселелерді үнемі ашық көтеріп, үлкен аудитория жинаған саясаткер соңғы кездері жұрт алдына шығуды сиретіп кеткен еді. Боқаевтың әрбір рейдін жіті бақылап отыратын желідегі қауым оның ізім-ғайым жоғалып кеткенінен қорқып, іздеу салуға көшкен. Саясаткер осы тұста оқырмандардың уайым-қайымын сейілтіп, маңызды мәлімдеме жасапты.
«Менде бәрі бірқалыпты. Қазір Әмерикадамын. Өткен жылы осы жақтан кішігірім кәсіп ашқанмын. Қазір соңы дөңгелетіп жатқан жайым бар. Аяқ алысы жаман емес», — дейді ол.
Санжар неге мұхит асты?
Саясаткердің мұхит асуына бірнеше фактор түрткі болған екен. Айтуынша, желіде елге қатысты маңызды проблемаларды көтермеуіне қоғамның селқостығы себеп болған.
«Ешкімге ештеңе керек емесіне көзім жетті. Түрлі рейд жүргізіп, қаншама былық-шылықты әшкереледік. Айғағы да, аргументі де мықты қаншама мәселені сөз еттік. Алайда нәтиже жоқ. Билікке бәрібір болса, қоғам да селт етпесе, ендеше несіне қара терге түсеміз?», — дейді Боқаев.
Мұндай жұмыстан әбден қажығанын жеткізген саясаткер осы күнге дейінгі еңбегінің еш кеткенін айтыпты. Өзі секілді белсенділерде тиісті құзірет болмағандықтан қоғамдық жұмыстан да қайыр жоқ деп пайымдап отыр. Алайда «асанқайғылануға» болмайды дейді.
«Былтыр біз көтерген мәселе бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде Алматыдағы атышулы «брүсшәткі» дауы бар. Тұтастай алғандай біз көтерген проблемалардың бәрі ақыр соңғы расталып жатыр», — дейді ол.
Боқаев Ата заң туралы не ойлайды?
Саясаткер Ата заңның тың нұсқасына қатысты өз ойын ортаға салыпты. Пайымдауынша, жаңа құжатты дәл қазіргі сұлбасында қабылдауға болмайды.
«Жаңа Конституция бойынша мен өзімді қоғам өкілі ретінде Мәжіліске ұсына алмаймын. Бізден осы құқықты тартып алып, саяси партияларға бермек. Олардың не істейтіні белгілі. Өздерінің адамын ғана тықпалайды. Тізімді алдын ала күзеп, түзеп қояды. «Нұр Отанның» билеп-төстеп тұрған дәуіріне қайта оралғалы жатырмыз», — деп қынжылыпты Боқаев.
Саясаткер елден біржолата кетпегенін, қайтып келетінін айтып отыр. Әзірге бизнесін дамытып, жеке өміріне көбірек көңіл бөлмек.
Желідегі жұрт өз кезегінде «Боқаев Әмірикада ұзақ уақыт аялдап қалады» деген болжам айтуда. Айта кетелік, Боқаевтың әшкересінен кейін Алматы әкімі брүсшәткілерге байланысты маңызды шешім қабылдаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

