Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаев ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, Боқаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 128 және 131-баптары бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамдық пікірді бұрмалау мақсатында әлеуметтік желілерде кейбір тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында заңсыз ағаш кескені және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлағаны туралы видеоматериалдар жариялаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, Боқаев әлгі әрекеттерді табысы төмен адамдарға ақысын беріп, әдейі ұйымдастырған әрі қаржыландырған», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар оған өте ірі көлемде алаяқтық жасау бойынша айып тағылып отыр.
Еске салсақ, 2025 жылдың жазында ІІМ Санжар Боқаевтың өзін аңдып жүргені туралы мәлімдемесін жоққа шығарған. Сол кезде ол Алматы әуежайында өзін ұстауға әрекет болғанын айтқан еді.
2025 жылдың тамыз айында Боқаев Алматы орталығындағы жаңа төселген брусчатканы жұмысшылар жеке үйлерге алып кетіп жатқанын мәлімдеген.
Жақында Санжар Боқаев желідегі парақшасында АҚШ-қа көшіп, бизнесті қолға алғанын айтқан болатын. Ол қоғамдық жұмыстан шаршағанын, бірақ маңызды мәселелерді көтеруді жалғастыратынын жеткізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







