Астанада ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов пен Қазақстандағы АҚШ-тың уақытша сенімді өкілі Дебора Робинсон кездесті. Мұндай энергетика саласындағы кез келген диалогтың артында инвестиция, жұмыс орны, экспорт көлемі, салық түсімі сияқты нақты сандар тұратыны сөзсіз, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында ең алдымен энергетикадағы екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы сөз болған. Санжар Жаркешов АҚШ-тың жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қосып отырған үлесін атап, Қазақстан үшін тұрақты әріптестік маңызды екенін жеткізді. Себебі, біздің мұнай-газ жобаларының басым бөлігі шетелдік технологияға, ұзақ мерзімді қаржыға және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігіне тәуелді. АҚШ-пен диалог осы үш бағытта да өзін көрсетіп жүр.
Кездесуде Chevron және ExxonMobil компанияларымен жұмыс бөлек әңгімеге арқау болған. Қазақстан үшін Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты кен орындары бюджетке түсетін миллиардтаған теңге, өңірлердегі инфрақұрылым, жол, әлеуметтік нысандар, жергілікті мердігерлердің тапсырысы.
Бірлескен жобалар мұнай-газ өндірумен ғана шектелмейді. Геологиялық барлау, газ инфрақұрылымын кеңейту, өндірістік қуатты арттыру бағыттары да күн тәртібінде тұр. Газды кәдеге жарату, алауда өртеуді азайту, ішкі нарыққа жеткізу мәселесі де мұндай кездесулерде жиі көтеріледі.

Кездесуде экспорттық-логистикалық бағыттар да талқыланды. Қазақстан үшін Каспий арқылы, теміржол арқылы, көршілес елдер аумағы арқылы шығатын маршруттар шешуші рөлде. Энергетикалық шикізат экспортқа тәуелді болған кезде тар бәсекелі нарықта әрбір маршруттың саяси да, экономикалық да салмағы бар.
Сол себепті АҚШ-пен диалогта тек баррель мен тонна ғана емес, тасымалдау қауіпсіздігі мен тарифтерге қатысты сұрақтар да бірге жүреді.
Көмір өнеркәсібі де назардан тыс қалған жоқ. Көп жағдайда назар мұнай мен газға ауғанымен, көмір әлі де Қазақстанның энергия теңгерімінде маңызды орын алып отыр.
Кездесуде көмір химиясын дамыту мәселесі қаралды. Яғни көмірді тек отын ретінде жағып жіберу емес, одан қосылған құны жоғары өнімдер шығару жолдары айтылды. Химиялық өңдеу, терең қайта өңдеу бағыттары іске асса, көмір саласының экономикалық құрылымы да өзгеруі ықтимал.
Осындай келіссөздердің жасырын жағы да бар. Біріншіден, Қазақстан үшін серіктестер арасындағы тепе-теңдік маңызды. Екіншіден, энергетика саласының әр шешімі ұзақ жылдарға әсер етеді. Инвестициялық келісім, технологиялық таңдау, экспорт бағыты ертеңгі онжылдықтағы тәуекелді де, мүмкіндікті де анықтайды. Астанада өткен осы қарапайым кездесудің артында дәл осындай салмақты факторлар тұр.

