Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалдың түпкі себебін ашық айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, кикілжің жеке бастың өкпе-ренішінен емес, облыста ықпалы жүріп тұрған белгісіз топтың астыртын әрекетінен туындаған.
«Өңірдегі кейбір ықпалды азаматтар менің сыртымнан спорт мекемелерінің басшыларын заңсыз ауыстырмақ болған. Бұл әрекетті дер кезінде байқап қалып, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым», – деді Сәпиев әлеуметтік желіде.
Олимпиада чемпионы осындай қысымға қарамастан, Президент тапсырған спорт саласындағы жүйелі реформаларды соңына дейін жеткізуге бекінгенін мәлімдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұған дейін, 23 қаңтарда Қарағандыда Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелес болды деген ақпарат тараған. Осыған байланысты полиция «дене жарақатын салу» бабымен іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы қазір анықталып жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Сәпиевтің кабинетке кәстүммен кіріп, біраз уақыттан соң жейдемен асығыс шығып кеткені байқалады.
Кейін ММА мен джиу-джитсудан әлем чемпионы, аралас жекпе-жектің сарапшысы Айдар Махметов екі тараптың келісімге келгенін, мәселе толық шешілгенін айтқан еді.
Сәпиев те кейін өз мәлімдемесінде: «Мәселе жабылды, жағдай реттелді», – деп түйіндеген.
Серік Сәпиев 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Қазір Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады. Оның орынбасары Дәурен Есімханов әлемдік деңгейде мойындалған самбошы, джиу-джитсудан әлем чемпионы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

