Қарағандыдағы спорт шенділерінің төбелесі камераға түсіп қалды. Облыстық спорт басқармасының жетекшісі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалдың тың дерекпен толығуда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға орнында орнатылған бақылау камерасының кадрынан қолына папкі ұстаған Сәпиевке ұқсас адамның кабинетке кіргенін көруге болады. Арада аз уақыт өткен соң, әлгі адам бөлмеден асығыс-үсігіс атып шығады. Бұл жолы оның үстінде костюмі жоқ, ақ жейдемен ғана қалған.
Бұған дейін облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Сәпиев пен Есімхановтың жаға жыртысып, Олимпиада чемпионының жарақат алғанын хабарлаған едік.
Қарағанды облыстық полиция департаменті 42 жастағы тұрғынның шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растап отыр. Оқиғаның толық мән-жайын анықталу үстінде.
Кейбір дереккөз жанжалдың қағаз-құжатқа байланысты тұтанғанын жарыса жазуда. Есімханов кейбір құжатқа Сәпиевтің рұқсатын күтпей қол қойған көрінеді.
Спорт журналисі Бек Төлеуовтің айтуынша, «Сәпиевтің көйлегін шешіп, костюмін жыртып, көшеде көк ала торғайдай сабап кеткен».
Айта кетейік, Сәпиевтің мұндай оғаш оқиғаға ілігуі алғаш рет емес. 2023 жылы Batyrball ойыны кезінде де спортшының қарсыласы Зелимхан Мусихановпен арада қақтығыс туындап, ойын алаңында от шыққан. Әріптестері спортшыларды әрең ажыратқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

