Қазақстанның экс-бірінші ханымы Сара Назарбаева Алматыдағы Президент істері басқармасына қарасты Орталық клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Халық арасында «Совминка» аталып кеткен Ұлттық госпиталь басшылығы Сара апаның жағдайы туралы тың ақпарат таратты деп жазады Ertenmedia.
Госпиталь директоры Асхат Бірәловтың айтуынша, Назарбаеваға барлық қажетті мед.көмек көрсетілуде. Емдеу шарасы бекітілген стандартқа сай әрі жоғары деңгейдегі мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр.
«Пациенттің денсаулығына қатысты ақпарат, емдеу әдістері мен оның нәтижесі дәрігерлік құпия. Мұндай мәлімет пациенттің жеке келісімімен немесе заңда белгіленген басқа жағдайларда ғана жарияланады», – деді госпиталь директоры.
Шешім Сара Назарбаеваның құқығын қорғау, жеке өміріне құрмет көрсету және емдеу процесіне бөгде адамдардың араласуын болдырмау мақсатында қабылданғанын атап өтті.
Мамырдың басында Сара Назарбаеваның денсаулығы сыр бергені белгілі болған. Әлемжеліде оның қайтыс болғаны туралы қауесет тарап, кейіннен мұны Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жоққа шығарған еді.