Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа медициналық мекемелер бой көтеріп жатқанын айтты. Сондай-ақ шалғай ауылдарға дейін сапалы қызметтің қолжетімділігін артыру мәселесі назарда болатынын жеткізді.
– Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, көпшілікті құттықтады.

Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.
Бұл елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.
Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі.
Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

