Сарыағаш ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің жол инфрақұрылымы жаңарып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Ауданның Дербісек ауылдық округінде басталған көшелерді орта жөндеу жұмыстары бүгінде қарқын алған. Күн сайын асфальт төселіп, тұрғындар талай жылдан бері күткен игіліктің нақты көрінісін көруде, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол – ауыл өмірінің тамыры. Асфальт төселген сайын адамдардың тіршілігі де жеңілдей түседі, кәсіп те, қатынас та, білім мен денсаулыққа жету де қолжетімді бола бастайды.
Сондықтан бұл жұмыс бір ғана инфрақұрылым емес, ауылдағы тұрақтылық пен даму кепілі. Осыны жақсы түсінетін аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысандарын аралап, жұмыстардың сапасын өз көзімен бақылады. Әкім әрбір детальға мән беріп, жолдың тек бүгінге емес, ертеңге де жарайтындай беріктікпен салынуын талап етті. Оның айтуынша, жол құрылысының сапасы – тұрғындардың сеніміне тікелей әсер ететін басты фактор.
Дербісек ауылдық округінде барлығы 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды екі мердігер мекеме – «Bairkum company» және «Artd group» жауапкершілігімен атқарып келеді. Бірі 15 көшені, екіншісі 16 көшені жөндеуге алған.
Қазіргі таңда «Artd group» серіктестігі асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарына кірісіп, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Ауылдың бұрынғы шаңды, ойлы-шұңқырлы көшелері енді біртіндеп тегістеліп, жаңа кейіпке еніп жатыр.

Жол жөндеу жұмыстарының барысын бақылау барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Халықтың тілегі – сапалы жол мен әділ бақылау. Осыған байланысты Арман Абдуллаев сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әр көше бойынша орындалған жұмысты жүйелі тексеруді міндеттеді. Бұл талап – қаражаттың тиімді жұмсалуына және мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған шара.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы соңғы жылдары өңірлердің дамуына үлкен серпін берді. Бұл бастама арқылы жолдар ғана емес, әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер мен қоғамдық инфрақұрылым да жаңғыртылып жатыр. Сарыағаш ауданында осы бағдарлама арқасында ондаған ауылдың бейнесі өзгеріп, адамдардың тұрмыс сапасы артты.
Елді мекендерде мектептер мен балабақшалар жаңарып, медицина мен мәдениет үйлеріне де жан бітті. Осындай нақты жұмыстардың арқасында ауыл мен қала арасындағы өмір сапасы айырмасы біртіндеп азайып келеді.
Аудан басшылығы мен жергілікті қоғамдастықтың өзара ынтымағы осындай жобалардың сәтті жүзеге асуына жол ашуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы – тек жол салу емес, халыққа үміт сыйлау, елді дамыту, жастарды туған жерінде қалуға ынталандыру. Күн сайын жаңарып жатқан көшелердің даңғылы тек көліктерге емес, ауылдың болашағына да бағыт ашып тұр.