Министрлік «Сюцайды» псевдоғылымға жатқызып, елді сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәдениет және ақпарат министрлігі депутат Айдос Сарымның сауалына жауап қатып, қоғамға қауіпті, эзотерикалық әрі жалған психологиялық ұйымдардың қызметіне тосқауыл қою жалғасатынын мәлімдеді.
Вице-министр Қанат Ысқақовтың айтуынша, алаяқтық сипаттағы әрі деструктивті бағыттағы ұйымдардың ықпалын болдырмау үшін медиакеңістік мұқият сүзгіден өтіп, діни сараптама жүргізілуде.
«Жыл басынан бері интернет-алаяқтық белгісі бар 7964 материал анықталды. Нәтижесінде 6087 сайтты бұғаттау туралы 179 нұсқама шығарылып, әлемжелі әкімшіліктеріне 145 хабарлама жолданды», – дейді вице-министр.
Ел арасында кең тараған «Сюцай» қозғалысының материалдарына 2023 жылдың қыркүйегінде діни сараптама жасалған. Қорытындысында оның дінге еш қатысы жоқ екені анықталған.
«Өзін «цифрлық психология» ретінде таныстыратын «Сюцай» астрология және нумерологияға ұқсас жалған ғылым. Ол ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, діни тұрғыдан да негізсіз, жеке адамдардың субъективті пайымына құрылған бағыт», – делінген жауапта.
Министрлік мұндай ұйымдардың интернетте белсенді тарап жатқанын айтып, азаматтарды қырағы болуға шақырып отыр.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Айдос Сарым Ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, ел ішінде күмәнді тренинг пен далбаса дәрістердің тым көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген.
«Кез келген әлемжеліні ашсаңыз жалған пайғамбарлар, ғалымсымақтар мен алаяқтар ұйымдастырған сансыз семинар, курс пен дәрістен көз сүрінеді. Осындай күмәнді схемаға алданып, мыңдаған адам жиған-терген табысынан айырылуда», – деген еді Сарым.
 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз. 
«Сюцай» сынды індеттің иесі кім: Сарымның Балаеваға бағытталған батыл сауалы

 
		
